Кең ауқымды жоғары қысым аймағы еліміздің шығысына қарай жылжиды. Оның әсерінен Қазақстанның шығысында, оңтүстігінде және орталығында жауын-шашынсыз ауа райы басым болады.
Алайда антициклонның орнын солтүстік циклонның терең жырасы басып, алдағы күндері ауа райы жағдайын нашарлатады. Алдымен еліміздің батысында, кейін солтүстік-батысы мен солтүстігінде жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын жауады. Көктайғақ құбылыстары күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді. Солтүстік өңірлерде және оңтүстік облыстардың таулы аудандарында түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман күтіледі, - деп болжам жасайды синоптиктер.
Түнгі уақытта еліміздің барлық өңірінде ауа температурасы нөлден төмен болады. Қазақстанның орталығында, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінің таулы аудандарында ауа температурасы −13…−18°С-қа дейін төмендейді.
Күндіз ауа температурасы еліміздің батысы мен шығысында +5…+10°С-қа дейін, оңтүстік-батысында +10…+15°С-қа дейін, оңтүстігінде +10…+20°С-қа дейін, оңтүстік-шығысында +10…+18°С-қа дейін көтеріледі. Ал солтүстік және орталық өңірлерде ауа температурасы −1…+4°С шамасында болады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» РМК Қазақстанда биыл қыс қандай болатыны туралы болжам жасады.
Сондай-ақ, қазақстандықтар желтоқсанда неше күн демалатыны хабарланды.