Өңірлерде 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

5 Мамыр 2020, 10:46
1488
Бөлісу:
Өңірлерде 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бірқатар өңірде "Жұмыспен қамту жол картасын" іске асыру шаралары басталып кеткенін жеткізді.

"Жұмыспен қамту жол картасында" іріктелген жобалар уақытша жұмыспен қамтумен бірге, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге, алдағы уақытта экономикалық әсері бар, межелес салалардың дамуына, тұрақты жұмыс орындарын құруына ықпал етеді. Бұл туралы  ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгінгі үкімет отырысы барысында айтты.

Жол картасы шеңберінде 80 жаңа білім беру ошағы соғылмақ. Ол өз кезегінде апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, ауылдағы балалар үшін білім алуға қолжетімділігін қамтуға, мұғалімдерге 7 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жаңа отбасылық дәрігерлік амбулаториялар, ауылдық елді мекендегі халықтың денсаулығын жақсартуға, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге, ауылды жерде дәрігер мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.

Немесе бірқатар облыста іске асатын жер суару кешендерін жаңарту жұмыстары - суармалы жер көлемін ұлғайтуға, халықтың егіншілік, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндіктерді кеңейтеді. Есеп бойынша осы жобалар межелес салаларда (ауыл шаруашылығында) болашақта 77 мың тұрақты, халықтың табыс көздерін арттыратын, жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді, - деді министр.

Біржан Бидайбекұлының айтуынша, газбен, сумен, электроқуатымен, жылумен қамту жаңа жобалары - тұрғын-үй құрылысына серпін беруге, ауыл халқына қолжетімді коммуналдық қызметтер көрсетіп, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, министр өңірлерде "Жол картасын" іске асыру шаралары басталып кеткенін жеткізді.

Барлық 6 506 жобаның ішіндегі 2 410 жоба республикалық бюджеттен қарастырылған қаражат есебінен іске асырылатын жобалар санатында. Сол жобалар бойынша, 1 мамырға мемлекеттік сатып алу конкурстары, 1 779 жоба бойынша, (немесе 73,8%) аяқталып, мердігерлер анықталып қойды. Бұл бағытта алда келе жатқан Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстары. Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда облысында бұл жұмыстың қарқыны әлі төмендеу. Бірқатар өңірде 1 265 жоба бойынша жұмыстар басталып кетті, 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 10 332 жұмысшы қабылданды, - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, министр "Жұмыспен қамту жол картасына" 6 506 жоба ұсынылғанын айтты.


Өзгелердің жаңалығы