Жезқазғанда 158 пәтер пайдалануға беріледі - әкім

14 Мамыр 2020, 22:12
1392
Бөлісу:
Жезқазғанда 158 пәтер пайдалануға беріледі - әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған өңірінде болып "Жұмыспен қамтудың жол картасы" және "Нұрлы жер" бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Аймақта 36 инфрақұрылымдық және құрылыс жобасының арқасында мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде 4 әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысан, 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры, 1,5 километрге жуық кәріз және су құбыры желілерін жөндеу, 34 км құрайтын қала көшелерін жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар 2 саябақ абаттандырылып, 800 жарықтандыру тіректері орнатылады. Биылғы жылы Жезқазғанда 4 көппәтерлі үй пайдалануға беріледі. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша әлеуметтік қорғалатын санаттарда кезекте тұрған азаматтар үшін 158 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ 900 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта мектеп ауласының аумағын абаттандыру, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстарын аяқтау қажет. Аталған нысан бірінші қыркүйекке қарай оқушыларға есігін айқара ашатын болады - дейді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар Сәтбаев қаласының "Нұрлы мекен" жаңа шағын ауданындағы үйлердің құрылысы қарқынды жүруде.

Сондай-ақ жыл соңына дейін мұнда 320 орындық үш қабатты балабақша нысаны салынады. Қазіргі уақытта нысанның іргетас блоктары мен жабын плиталары монтаждалып, қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде. Сапар барысында өңірдің бірнеше кәсіпорындарында болып қайттым. "КазТехФильтр", "Ютария ltd" және "Ulytay Nan" жергілікті компанияларының басшылығымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін талқыладық. Қазіргі уақытта Жезқазған және Сәтбаев қалаларын тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы Үкіметтің қолдауымен және "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің белсенді қатысуымен Есқұла суағарының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір жақсартатын болады - дейді өңір басшысы.

Сонымен қатар жер асты су көздерінен берілетін судың сапасын жақсарту үшін Қожамсейіт су көзі орнының іске қосылуын ескере отырып Үйтас-Айдос су құбырын жаңарту жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. 

Сондай-ақ бұл жобаны 2020-2021 жылдары Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Бұған қоса Жезқазған қаласын үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС күшімен Кеңгір су қоймасынан резервтік суағарды қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні аталған жұмыстардың 80% -ы орындалды. Сондай-ақ Жезқазған және Сәтбаев қалаларының жаңа кәріздік - тазарту құрылыстарын салу үшін дайындық жұмыстары қолға алынды. Тиісті ЖСҚ әзірлеу және жобаларды одан әрі іске асыру ағымдағы жылға жоспарланған. Жалпы алғанда ағымдағы жылы өңірде құрылыс және жөндеу жұмыстарының үлкен көлемі іске асырылады. Аталған жобалардың уақытылы және сапалы іске асырылуын ерекше бақылауда ұстайтын боламын - деді облыс басшысы.
Өзгелердің жаңалығы