Қаржылық мониторинг агенттігі «CVK» қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатты. Қазіргі уақытта Агенттіктің аумақтық департаменттері еліміздің 14 өңірінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, жоба өзін маркетплейс ретінде таныстырып, азаматтарға тұрақты табыс әкеледі деген желеумен түрлі инвестициялық «дүкен» пакеттерін сатып алуды ұсынған.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сауда қызметін жүргізіп жатқандай әсер қалыптастыру үшін қатысушылардың жеке кабинеттерінде шын мәнінде болмаған тауарларға қатысты орындалған тапсырыстар мен жеткізілімдерді көрсеткен. Сол үшін пайдаланушыларға виртуалды сыйақылар есептеліп отырған.
Сонымен қатар жобаға жаңа қатысушылар тартуға ерекше мән берілген. Реферальдық жүйе арқылы салымшыларға жаңа адамдарды тіркегені үшін ақшалай бонустар мен бағалы сыйлықтар уәде етілген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ауқымды жарнамалық науқан мен өңірлердегі белсенді маркетингтің нәтижесінде заңсыз схемаға шамамен 1,5 мың адам тартылған.
Жобаны насихаттау мақсатында жабық кездесулер, кеңселердің салтанатты ашылу рәсімдері және көпшілікке арналған таныстырылымдар ұйымдастырылған. Бұл іс-шаралар әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, азаматтардың сеніміне кіру құралы ретінде пайдаланылған.
Тергеу барысында қаржы қаражатының криптовалюталық платформалар арқылы шығарылып, кейін банктік шоттарға аударылғаны анықталды.
Агенттіктің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі «CVK» жобасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты жері бойынша ведомствоның аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырды.
Бұған дейін Шымкенттегі қаржы пирамидасына 900 адам кіріп кеткені жайлы жазған едік.
Оқи отырыңыздар: Қаржылық пирамидалардан құтылудың жолы қандай?