15 ақпан – Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні

15 Ақпан 2022, 14:25
3047
Бөлісу:
15 ақпан – Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 ақпанда әлемнің көптеген елінде Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні атап өтіледі. Ол науқас балалардың ата-аналары ұйымдарының халықаралық конфедерациясы бастамасы бойынша өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәрігерлер бұл күн қатерлі ісікке шалдыққан балалар мен ересектердің ауруды жеңіп шығатынымен астасып жатқанын айтады.

Мұндай қауіпті ауруға шалдықпас үшін уақытылы диагностикадан өту маңызды. Егер ауру ерте сатысында анықталса, онда жазылып шығу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақ. Бірақ көбінесе, қатерлі ісік өте кеш анықталады. Мұндайда емдеу өте қиын, тіпті ең жаманы өлімге әкеледі, - дейді қалалық онкогематолог Татьяна Саблина.

Өкінішке қарай, бұл проблеманың өзектілігі азаймай тұр, өйткені балалар мен ересектер арасында қатерлі ісік ауруы өсуде, дейді дәрігер. Елордада жылына орта есеппен 38 баладан қатерлі ісік анықталады.

Бүгінгі күні қала бойынша қатерлі ісік 187 баладан анықталып отыр. Бұл дерт негізінен 3-15 жас аралығындағы балаларда жиі кездеседі. Балалар арасында орталық жүйке жүйесінің ісіктері мен лимфобластикалық лейкемия жиі кездеседі – 70% жағдай, - дейді Татьяна Саблина.

Елордалық дәрігер ата-аналардың назарын балалардың қатерлі ісік белгілеріне аудару керектігін айтты.

Егер баланың денесінде қандай да бір ісік пайда болса немесе сіз қандай да бір ісікті байқасаңыз, сол сияқты оның денсаулығы күтпеген жерден күрт нашарласа: безгек, құсу және бас ауруы, салмақтың азаюы болса, шұғыл медициналық көмекке жүгініп, тексеру жүргізу керек. Бұл қатерлі ісік ауруының белгілері болуы мүмкін, - деп қосты маман.

Дәрігерлер баланың онкологиялық ауруын анықтау өте қиын екендігін айтады. Сондықтан ата-аналар балаларының денсаулығына өте мұқият болуы керек. Қатерлі ісік терапиясының тиімділігі уақытылы диагноз қоюмен тікелей байланысты екенін есте ұстаған жөн.

Өзгелердің жаңалығы