1 жылда 8 662 өрт тіркелді. Министр өрттің негізгі себептерін атады

6 Желтоқсан 2021, 16:20
876
Бөлісу:
1 жылда 8 662 өрт тіркелді. Министр өрттің негізгі себептерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өткен «Үкімет сағаты» кезінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрттің негізгі себептерін атады.

Министрдің сөзінше, елдегі ТЖ мен оқиғалардың басым көпшілігі – адамдардың өміріне және ел экономикасының дамуына қауіп төндіретін және болып жатқан барлық ТЖ-ның 89%-ын құрайтын өрттер.

Қабылданған шараларға және соңғы жылдары олардың төмендеу үрдісіне қарамастан, өрттердің саны әлі де елеулі болып отыр. Биыл 8 662 өрт тіркелді, онда 335 адам зардап шекті, 280 адам қаза тапты. Өрт кезіндегі өлім себептері - жоғары температура - 83, жану өнімдерінің әсерінен - 176, газ жарылыстарынан - 13, құрылыс конструкцияларының құлауынан - 3, – деп айтты Юрий Ильин.

ТЖМ басшысының айтуынша, өрттердің көпшілігі қалалар мен ірі елді мекендерге болады. Оларға бүгінде тек 416 өрт сөндіру депосы қызмет көрсетеді, олардың жартысы 50-70 жылдары салынған, 271 ғимарат бейімделген, ал 23-і жалға алынған ғимараттарда орналасқан, 20 ғимарат авариялық жағдайда.

Қалалар мен елді мекендерді тиісті өртке қарсы қорғауды ұйымдастыру үшін «5 мың және одан да көп халқы бар! бірінші кезектегі тәртіппен 127 өрт сөндіру депосының қосымша құрылысы талап етіледі. Соның ішінде 65 - қалалық жерлерде, 62 - ауылдық елді мекендерде. Биыл 2020 жылға қарағанда өрттер саны 8%-ға азайды. Негізгі мемлекеттік өрт бақылауына түсетін салалардағы, өндірістік мақсаттағы, білім беру және денсаулық сақтау ғимараттары мен құрылыстарындағы, сауда кәсіпорындарындағы өрттердің саны төмендеуінен азайды, – деп түсіндірді ведомство басшысы Мәжілісте.

Ол өрттің негізгі себептері қарапайым талаптар мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын сақтамау, ақаулы электр аспаптарын пайдалану, қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларының болмауы екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы