Қазақстандықтарды 1 шілдеден бастап қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісі шолуынан оқи аласыздар.
9 күн демалыс
2025 жылдың шілде айында қазақстандықтар мейрамдар мен демалыс күндерін қосқанда 9 күн демалады.
6 шілдеде мемлекеттік мереке Астана күні аталып өтеді. Бұл мереке 2025 жылы жексенбіге сәйкес келеді, сондықтан демалыс 7 шілде дүйсенбіге ауыстырылады.
%20(2).jpg)
Бескүндік жұмыс аптасында: 5, 6 және 7 шілде – демалыс.
Алтыкүндік жұмыс аптасында: 5-і жұмыс күні, 6 және 7 шілде – демалыс.
.jpg)
Кім кәсіби мерекесін атап өтеді?
Шілде айында кәсіби мерекелер бар. Олар жұмыс күндері болса да, салалық қызметкерлер арасында аталып өтеді.
Қазақстандағы кәсіби мерекелер (Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасарының 2023 жылғы 17 қарашадағы №480 бұйрығына сәйкес):
2 шілде – Дипломатиялық қызмет күні
6 шілде – Домбыра күні (шілденің бірінші жексенбісі), Көлік қызметкерлері күні (теңіз және өзен көлігі саласы)
9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні
10 шілде – Ветеринария мамандары күні
13 шілде – ҰҚК қызметкерлері күні, Балық шаруашылығы қызметкерлері күні (шілденің екінші жексенбісі)
14 шілде – Нотариат күні
20 шілде – Металлург күні (шілденің үшінші жексенбісі)
27 шілде – Сауда қызметкерлері күні (шілденің төртінші жексенбісі).
.jpg)
Астана күні
2025 жылдың шілде айында қазақстандықтарды елдегі маңызды мерекелердің бірі – Астана күніне орай қосымша демалыс күтіп тұр. Мереке дәстүрлі түрде 6 шілдеде атап өтіледі.
2025 жылы 6 шілде жексенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты, "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға сәйкес, бұл мерекелік күннің демалысы дүйсенбі, 7 шілдеге ауыстырылады. Нәтижесінде, қатарынан үш күндік демалыс болады:
- 5 шілде (сенбі)
- 6 шілде (жексенбі, Астана күні)
- 7 шілде (дүйсенбі – ауыстырылған демалыс күні)
Бес күндік жұмыс аптасындағылар үшін:
- Демалыс күндері – 5, 6, 7 шілде
- Жұмыс күндері – 22 күн
Алты күндік жұмыс аптасындағылар үшін:
- Демалыс күндері – 6, 7 шілде
- Жұмыс күндері – 26 күн
- 5 шілде (сенбі) – жұмыс күні
Айта кетейік, Астана күніне орай ел бойынша мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Әсіресе елордада түрлі концерттер, көшедегі жәрмеңкелер, фестивальдар мен көрмелер өтеді. Бұл мереке тек ресми күн ғана емес, сонымен қатар елдің дамуы мен бірлігіне арналған ұлт мерекесі ретінде атап өтіледі.

Депутаттар каникулға шығады
1 шілдеден бастап Парламент палаталарының депуттатары каникулға шығады.
Мәжіліс депутаттарының сөзінше, шілде айының алғашқы 15 күні мен тамыз айының соңғы 15 күнінде депутаттар өңірлерді аралап, халықпен кездеседі.
Бокстан жарыс өтеді
Астанада бокстан Әлем кубогі өтеді. Ол 30 маусым мен 7 шілде аралығында өтпек. Оған қатысатын спортшылар қатарында Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Назым Қызайбай бар. Толық тізімді мына жерден оқи аласыз.

Шілдеде не қымбаттап, не арзандайды?
2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда ұн, май және алкоголь қымбаттайды.
Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылғы шілдеден бастап кейбір негізгі өнімдердің минималды көтерме бағаларын жаңадан бекітті. Бұл өзгерістер ұн, өсімдік майы, күшті алкогольді ішімдіктер және ашытқы сияқты тауарларға әсер етеді. Сарапшылар азаматтарға баға өсуіне дейін қор жинап алу туралы кеңес беріп отыр.
Қандай өнімдер қымбаттайды?
Ұн (жұмсақ бидай мен спельта ұны)
• Бұрынғы баға: 96,65 ₸/кг
• Жаңа баға: 139,81 ₸/кг
• Баға өсімі: шамамен 45%
Бұл – үйдегі нан-тоқаш өнімдеріне тікелей әсер етуі мүмкін.
Күнбағыс майы
• Жаңа баға: 594,04 ₸/кг
• Баға өсімі: 61,2%
Не арзандайды?
Тауық жұмыртқасы:
• Бұрын: 39,38 ₸/дана
• Жаңа баға: 37,8 ₸/дана
• Яғни жалғыз арзандайтын өнім осы.
.jpg)
Балаларды кәсіби отбасылар қабылдай бастайды
1 шілдеден бастап елімізде отбасыға орналасудың жаңа түрі - «Кәсіби қабылдаушы отбасы» енгізіледі. Бұл уақытша шара балаларға қауіпсіз әрі жайлы үй жағдайын жасауға бағытталған. Қабылдаушы кәсіби отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады. Әрбір балаға жеке көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетіледі. Баланың мұндай отбасында болу мерзімі ең көп дегенде алты айды құрайды.
Қабылдаушы кәсіби отбасыларға тек төрт санаттағы балалар ғана орналастырылады:
- жетім балалар;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- панасыз және қараусыз қалған балалар;
- зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар.
1 шілдеден бастап емханаға тіркелу тәртібі өзгереді
Денсаулық сақтау министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, құжатқа отбасылық қызмет көрсету, емхананы еркін таңдау, медициналық қызметтің аумақтық және пациенттің орналасқан жеріне қарамастан профилактика, диагностика және емделу қызметтерінің қолжетімділігі кіреді.
Яғни, әр адам емхананы тұрғылықты мекенжайына жақын жерден таңдай алады. Тіркелу ЖСН арқылы жүргізіледі.
Сондай-ақ eGov порталы немесе емханаға тікелей жүгіну арқылы рәсімделеді.
.jpg)
Шілдеде жаңа айыппұл күшіне енеді
5 шілдеден бастап елімізде ағаштар мен бұталарды жоюға байланысты жаңа өтемақы мөлшерлемелері қолданысқа енгізіледі. Айыппұл енді бір ағаш үшін 80 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 315 мың теңгеге жетеді.
Кім қанша төлейді?
Айыппұлдар айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) есептеледі және ағаштың түрі мен жасына байланысты.
2025 жылы 1 АЕК = 3 932 теңге.
Ағаш түрлері бойынша өтемақы сомалары:
- Грек жаңғағы, фисташка – 50-ден 80 АЕК-ке дейін → 196 600 – 314 560 теңге (ең қымбат ағаштар)
- Самырсын (кедр) – 17-ден 47 АЕК-ке дейін → 66 844 – 184 804 теңге
- Қарағай, шырша, балқарағай – 15-тен 45 АЕК-ке дейін → 58 980 – 176 940 теңге
- Ағаш тәріздес арша (можжевельник) – 14-тен 44 АЕК-ке дейін
- Үйеңкі, қараағаш, жөке, көк терек, тал, терек – 10-нан 40 АЕК-ке дейін
- Қайың, арша, кедр бұтасы – 12-ден 42 АЕК-ке дейін
- Жеміс ағаштары мен бұталары (өрік, шие, орман алмасы және т.б.) – 10-нан 40 АЕК-ке дейін
- Сары акация, теңіз шырғанағы (облепиха), басқа бұталар – 9-дан 39 АЕК-ке дейін → 35 388 – 153 348 теңге.

Ауа райы қандай болады?
2025 жылғы шілдеде Қазақстан аумағында ауа райы айтарлықтай тұрақты болады. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, ай бойы ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында сақталады. Алайда кейбір өңірлерде шілде айы әдеттегіден ыстығырақ болуы мүмкін.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысының көп бөлігінде, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының батыс жартысында, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстік аймақтарында, Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында және Жетісу облысында ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері бойынша шілде айы республиканың басым аумағында құрғақ болады. Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарының көп бөлігінде, Ақтөбе облысының солтүстік жартысында, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының оңтүстік-батысында, Ұлытау облысының солтүстік-шығысында және Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері шамамен норма деңгейінде болады деп болжануда.
Ал Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан облысының көп бөлігінде, Ақмола облысының солтүстік-шығыс жартысында, Қостанай мен Қарағанды облыстарының қиыр солтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде және Абай облысында жауын-шашын нормадан жоғары түсуі мүмкін.