Қазақстан мен Иран өзара тауар айналымын дамытпақ

25 Сәуір 2019, 12:07
2458
Бөлісу:
Қазақстан мен Иран өзара тауар айналымын дамытпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенатта «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасы қабылданды.

Заң жобасын ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов таныстырды. 

«Бұл келісімді іске асыру 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына отандық тауарлардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 млн долларға жетті, оның ішінде 82,6%-ы Иранға экспортты құрады. Экспортқа шығарылған негізгі тауарлар – арпа, болат, илек, рапс тұқымы және қой еті. Келісімге сәйкес, Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж мөлшерлемесін төмендетті. Иран нарығына сиыр және қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майлары, макарон және кондитерлік өнімдер, болат илек, рельстер, аккумуляторлар, арматура, құбырлар және тағы басқа тауарларды жеңілдетілген тариф бойынша әкелу мүмкін болады. Бұл тауарлар бүгінгі күні Қазақстанның ағымдағы экспортының жартысынан астамын құрайды», - деді Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері 502 тауар бойынша импорттық баж мөлшерлемесін төмендетеді. Олар: пісте, құрма, інжір, жүзім, креветкалар, кондитерлік өнімдер, ыдыс, жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары.

Ратификациялаудан кейін 1 жыл ішінде тараптар еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөздерді бастайды. Сенат аталған заң жобасын қабылдады.


Өзгелердің жаңалығы