Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еркін күрестен Қазақстан командасы Сиянь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатынан 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен оралды. Еркін күрестен ұлттық құрама бас бапкері Әсет Серікбаев Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, Сиянь кілеміндегі қазақ балуандарының аяқ алысын бағалады.
«Біз Азия біріншілігіне жастардан жасақталған команда апардық. Қазақстан Спартакиадасында топ жарған балуандардың барлығы құрлық додасына қатысу мүмкіндігін алған. Жалпы алғанда, жігіттердің қарқыны жаман емес. Кейбір салмақтарда «әттеген-айлар» болды. Дегенмен де, жастар үшін бұл үлкен тәжірибе екені анық», - деді бас бапкер.Ол әр балуанның көрсеткен нәтижесіне жеке-жеке тоқталып өтті.
«57 келідегі Мейрамбек Қартбай алғашқы ірі халықаралық додасына қатысты. Оған сөзсіз тәжірибе жеткен жоқ. 61 келідегі Бауыржан Төребектің де жағдайы осыған ұқсас. Бір жыл бойы жарақатына байланысты кілемнен шеттеп қалған ол бабына еніп үлгермеді. Бұл екі спортшы да өз мүмкіндігін толығымен көрсетті, тактикалық тұрғыдан қате жіберіп, қарсыласынан айнала қашқан жоқ. Өз деңгейлерінде күресіп шықты», - деді Серікбаев.
Ол 65 келіде белдескен Саятбек Оқасов құрамадағы ең білікті балуандардың бірі деп атады.
«Ол былтырғы Азия ойындарының жүлдегері. Биылғы чемпионат финалында екі дүркін Әлем чемпионы атанған үнді спортшысынан жеңілді. Меніңше, Саятбек функционалды тұрғыдан қателік жіберді. Әйтпесе, белдесу аяқталуына санаулы уақыт қалғанда біздің спортшымыз 7:2 есебімен алда тұрған. Осы басымдықты сақтай алмады. 70 келідегі жас балуанымыз Нұрқожа Қайпановқа бапкерлер де, жанкүйерлер де риза шығар. Ересектер қатарына енді ғана өткен спортшы. Былтыр жастар арасындағы Азия біріншілігінде үштікке енген», - деп ойымен бөлісті бапкер.
Бас бапкер барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген 74 келі салмақтағы Данияр Қайсановтың ешкімге мүмкіндік бермегенін, тісқаққан балуан екенін, сондықтан балуаннан әлемдік турнирлердің жүлдесін күтетінін жеткізді.
«Бапкер ретінде 79 келідегі Ғалымжан Өсербаев Азияның алтынын алады деп үміттенген едім. Ойлағанымдай болмады. Жартылай финалда Үндістан өкілінен 2:3 есебімен ұтылды. 86 келідегі Әділет Дәулембаев алғашқы белдесуде Ливан атынан шығатын, бірақ Америкада туып-өсіп, сол жақта жаттығатын балуанмен кездесті. Өте тартысты өткен жекпе-жек Әділеттің жеңісімен аяқталған. Алайда, келесі белдесуге дейін аз уақыт берілді де, ол қалпына келіп үлгермей, өзбек балуанынан ұтылды», - деді еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері.
Серікбаев 92 келідегі Ералы Әбдірашев чемпионатта алысқа бармаса да, оны талантты спортшылар қатарына қосатынын айтты.
«97 келідегі Ерғали Әлішерден өз басым үлкен үміт күтемін. Ол өткен жылы 92 келіде күресіп, жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген. Биыл ересектер арасына өтіп, салмағын арттырып, Азия чемпионатының жартылай финалында азулы ирандық балуаннан сескенген жоқ. Тек, сәл ғана тәжірибе жетпей қалды. Ол бапкерлер сенімінен шығып тұрған балуан. 125 келідегі Олег Болтин физикалық жағынан өте мықты. Бірақ психологиялық тұрғыдан ақсап тұр. Егер осыны реттейтін болса, Болтин де ұзаққа баруы мүмкін. Азия біріншілігі өз елімізде өтетін Әлем чемпионаты қарсаңындағы үлкен дайындық саналады. Лицензиялық әлем біріншілігінде балуандар аянып қалмайды деген сенімдемін, - деп сөзін түйіндеді Серікбаев.