Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін - "ҚазАқпарат" халықаралық агенттігінің құрылғанына 100 жыл. Осыдан тура бір ғасыр бұрын Қазақстандағы тұңғыш ақпарат агенттігінің негізі қаланды. Қазір қанатын кеңге жайған алып компанияда бірқатар интернет басылым жаңалықтың жаршысы болып, халыққа ақпарат таратып отыр.
Медиа агенттік 100 жыл бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қоғамның өзге де тыныс тіршілігі туралы жедел әрі сенімді ақпарат таратып келеді. Сонау 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде құрылғанын агенттік барлық маңызды жаңалықтарды мемлекеттік тілде ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде, сонымен қатар латын және араб әліпбиінде әлемге тұрақты әрі жылдам жария етіп отыр.
Агенттік құрылғаннан кейін араға бес жыл салып атауы "ҚазРОСТ" болып өзгертіледі.
Ал "ҚазРОСТ" 1937 жылы "ҚазТАГ" деген атпен Қазақ КСР министрлер кеңесінің қарауына берілді. Арада 60 жыл өткенде, яғни 1997 жылғы қыркүйектің 10-ында "Қазақ ақпарат агенттігі" республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгереді.
2002 жылғы қарашаның 8-інде ҚазААГ негізінде "Қазақ ақпарат агенттігі" Ұлттық компаниясы құрылады. 2008 жылғы шілдеде агенттік "Арна Медиа" Ұлттық ақпараттық холдингі" акционерлік қоғамының құрамына кірді.
Ал 2012 жылғы тамыздан 2014 жылға дейін "Қазақстан" РТРК" АҚ құрамында болса, 2014 жылдың қаңтарында "ҚазАқпарат" елдегі алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі (ХАА) мәртебесіне ие болып, өз тарихындағы жаңа кезеңді бастады. 2019 жылдың соңынан бастап агенттік "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі" акционерлік қоғамы болып жаңарды. Халықаралық агенттік мәртебесімен қоса компанияға "Қазконтент" АҚ құрамында болған барлық интернет ресурс қосылды. Сөйтіп, компания бұрынғыдан да қуатты, мықты бола түсті.
Қазір ақпарат майданында агенттік саны өте көп. Алайда сенімді және ресми ақпарат тарататын "ҚазАқпараттың" беделі ерекше. Себебі оқырманының сенімділігін бір ғасыр бойы ақтап келе жатқан бірден бір агенттік.
"ҚазАқпарат" арқылы Президент әкімшілігі, Парламент, Үкімет, өңірлік билік органдары, ұлттық қаржылық және өндірістік құрылымдардың қызметі жөнінде ресми хабар таратылады.
ҚазАқпаратта өзге отандық ақпараттық агенттіктерде жоқ тілшілер желісі бар.
Елдің барлық аймақтарында тілшілер пунктімен қоса, Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Бельгия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде меншікті тілшілер бар.
Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды online режимде жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.
Бір ғасырда агенттікте еңбек еткендердің санында, әрине, есеп жоқ. Әр кезеңде бетке ұстар азаматтар мен білікті мамандар басшылық еткен компанияда ұрпақтар сабақтастығы да сақталған.
Атап өтсек, компанияны Вятич-Кириллов Аркадий Иванович, журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов, жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев, жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов, Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов, "Мир" мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов, мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Жанай Омаров басқарды.
Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді.
Мысалы, "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі" мекемесін 2007 – 2016 жылдары басқарған Дәурен Дияров сайтқа берген сұхбатында агенттік жаңалықтарын бүгінде шетелдік ақпарат агенттіктерінің өздері де жариялай бастағанын айтады.
Мен "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі" ұжымына 2004 жылы келдім. 2007 жылы Агенттік басшысы болғанға дейін Бас директордың экономика және даму жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бұл он жыл "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі" мекемесінің нарықта өз орнын тапқан кезеңі болды. Ал, бүгінгі күні ғасырлық мерейлі межені еңсеріп отырған үлкен ұжымға қол жеткен биік табыстар толайым бола берсін дегім келеді. "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі" жаңалықтарын бүгінде шетелдік ақпарат агенттіктерінің өздері де жариялай бастады. Бұл бірлесіп сенімділікпен жұмыс істеу нәтижесі. Өйткені "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі" өзін ең сенімді дереккөз ретінде танытып келеді, жаңалықтары он рет сүзгіден тексерістен өтеді. Тек нақты және сенімді дүниелер жариялап, өз оқырмандарын құрметтейтін агенттік, - деген еді ол.2017 жылдың сәуірінен бастап компанияның тізгінін Асқар Омаров ұстады. Көп жылғы еңбектің нәтижесінде мойындалған бедел мен мәртебе ешбір уақытта құлаған емес. Компанияға адал, қалтықсыз еңбек етіп жүрген қызметкерлер де аз емес.
Солардың бірі - "ҚазАқпарат" ХАА қазақ редакциясының шығарушы редакторы Гүлмира Әлиакпарова. 2000 жылдардың басында алып империяға келген маман мансаптық жолы қалай қалыптасқанын айтып берді.
2004 жылдың қаңтар-ақпан айлары болатын. Нағашы ағамның жолдасы, сол кездегі "ҚазАқпарат" тілшісі Айбын Шағалақов (қазір "Egemen Qazaqstan" газеті басқарма төрағасының орынбасары) агенттікке оператор іздестіріліп жатқанын айтты. Оператордың міндеті – тілшілерден ақпаратты телефон арқылы шұғыл қабылдап, оны шығарушы редакторға жіберіп отыру болды. Диплом алмаған кезім. Сондықтан, мәтінді жылдам әрі сауатты теру машығымды шыңдап, басшылық назарына түсу қажет болды. Айбын аға жұмысынан келе сала мені компьютерге отырғызады да, өзі мәтінді дауыстап оқып тұрады, мен үлгеріп компьютерге теруім тиіс. Сөйтіп, ысылды-ау деген бір күні шығарушы редакторлардың алдына алып барды. Бір айлық сынақтан кейін жұмысқа қабылданып, төбем көкке жеткені бар, - деп есіне алды ол.Маманның айтуынша, интернет енді дамып келе жатқан жылдар болатын.
Интернет тек кеңседе ғана болғандықтан, тілшілер ақпаратты іс-шарада жүріп, телефон арқылы беретіні де сондықтан еді. Интернетте "іздеу жүйесі" болғанымен, қазақ тіліндегі "іздеу жүйесі" болған жоқ. Сол себепті жаңа терминдердің аудармасын, қысқарған сөздердің тарқатылып жазылу нұсқасын, мекеме атауларының қазақ тіліндегі аудармасын – бәрін-бәрін параққа тізіп, айналдыра қабырғаға іле беретінбіз, - дейді ол.Гүлмира Әлиакпарова қазақ редакциясының ұжымы бір студияда отырғанын есіне алды.
Ол кезде баяндамалар түгел орыс тілінде жасалатын. Жаңа терминнің дұрыс аудармасын келтіре алмай, бүтін бір ұжым ойланатын кездер болатын. Ол терминнің дұрыс аудармасын өзге БАҚ-тар да күтіп, "ҚазАқпаратқа" қарайлап отыратын. 2011 жылы Алматы мен Астана қаласында Қысқы Азия ойындары өтті. Сол кезде спорт терминдерінің аудармасына бас қатырғанымыз бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде қолданылатын "пороговый уровень" ұғымын ойлана келе "ең төменгі меже" деп алғанымыз есімде. Ол кезде тілші болып жұмыс істеп жүргенмін, - дейді ол.
Оның айтуынша, "ҚазАқпарат" басшылығы оған тағы бір сенім артқан жыл – 2007 жыл болған.
Қазақ редакциясының бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы мені оператор қызметінен бірден аға тілші етіп ауыстырды. Жүрексінгенім рас. "ҚазАқпаратта" 21 жыл еңбек еткен редактор Амангелді Жақсыбеков ағамыз жанына отырғызып алып, жазған ақпаратымды бірге түзететін. Қазақ редакциясының ұжымы үлкен бір жанұя сияқты еді. Ағаларымыз қатеңді бетке басып, ешқашан зекіп, ұрыспайтын. Жарылқап Бейсенбайұлының "сен өзі дефис пен тирені айыра аласың ба?" деп зілді дауыспен ескерту жасағаны бар. Содан осы күнге дейін компьютермен терген мәтінде бұл таңбалардың дұрыс түсуіне ерекше мән беріп келемін. Ағалар әрбір сөздің, әріптің өз орнында тұруын, әрбір таңбаның, тыныс белгісінің ережеге сай қойылуын жіті қарайтын. Яғни, дефис – қысқа, тире ұзын сызық болып түсуі тиіс. Қазір бұған мән берілмей жазылған көп ақпаратты оқимын, - дейді Әлиакпарова.
Маман тілші ретінде қалыптасқан мамандар туралы да айтып берді.
Тілші ретінде шыңдалуыма тағы да Айбын Шағалақов ағам, Қанат Тоқабаев (қазір "ҚазАқпарат" ХАА бас редакторының орынбасары), Ернұр Ақанбай ("Еуразия бірінші арнасының" продюсері) ықпал етті. А.Шағалақов талдау бөлімінің басшысы болды. Мені қамшылап, сұхбаттарға айдай беретін. Кейде бұл тақырыпқа тісім батпайтынын айтып, жеңілдік сұраймын. "Уайымдама, сен тәжірибем бар деген кейбір тілшілерден әлдеқайда жақсы жазасың" деп жігерлендіріп қоятын, - деді ол.
Әлиакпарова 2012 жылы компания тағы да үлкен үміт артып, шығарушы редактор болуға ұсыныс түскенін айтты.
2012 жылы қазақ редакциясының бас редакторы міндетін атқарып жүрген Сайлау Абылаев ағамыз шығарушы редактор болуды ұсынды. Көп ойландым. Журналистиканың әр бағытында тәжірибе жинақтайын деген шешіммен ұсынысты ақыры қабылдадым. Содан бері 8 жыл өтті. Жалпы, "ҚазАқпарат" агенттігінде еңбек етіп келе жатқаныма биыл 16 жылдан асыпты. Ұжымға жас кадрлар келді. ЖОО-ны бітіре салып, бәрін білетіндей болып жұмысқа келетіндер де бар. Ойы ұшқыр, сауатты, шет тілдерін жетік меңгерген жастарымыз да жетерлік. Барлығы "ҚазАқпаратта" ысылып, бәсекеге қабілетті нағыз маманға айналуда, - деді ол.
Гүлмира Әлиакпарова айтқандай, "ҚазАқпарат" агенттігі жоғары білікті мамандар еңбек ететін үлкен орда.
Бірде Шығыс Қазақстан облысындағы интернет БАҚ-тардың бірінде басшылық лауазымда болған азамат бізге аудармашы болып жұмысқа орналасты. Бірнеше айдан соң: "ҚазАқпарат" – тыным таппайтын, жұмысы бір іркілмейтін үлкен конвейер сияқты. Онда әрқайсысының өз рөлі бар. Біреуі тоқтап қалса, ол бүкіл жүйеге әсер етеді. Үлкені кішісіне, кішісі үлкеніне "сіз" деп сөйлетін сыйластығы мол ұжым екен", - деп өз ойымен бөліскені бар. Иә, "ҚазАқпарат" агенттігі жоғары білікті мамандар еңбек ететін үлкен орда. Жалпы, кез келген тілшінің және әрине де редактордың әр саладан хабары мол болуы керек. Барлық цифрды, датаны, бағдарламалардың атауын, министр, әкімдердің есімдерін және тағы-тағысын жатқа біліп, есте ұстауы тиіс. Егер өзге БАҚ тілшілерінде миында қайнап жатқан бұл ақпараттардың арасынан өзіне керегін асықпай отырып тауып алатын уақыты болса, ақпарат агенттігінде секундтар рөл ойнайды. Тілші мен редактор ақпарат мәтінін жоғары жылдамдықпен теріп, оны background-пен толықтырып, гиперсілтемелерді қосып, 5-10 минутта дайындап шығуы тиіс. Онымен қоса, қоғамдағы өзекті жаңалықтардан үнемі хабардар болып отыруы қажет, - деді ол.
Маман сүйікті ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
"ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігін 100 жылдық белесімен шын жүректен құттықтаймын. Оқырманды жедел әрі сенімді ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған компания ұжымына сарқылмас күш-қуат тілеймін, - деді ол.
Енді "ҚазАқпараттың" құрамындағы жас интернет-жобалар туралы айтып өтсек.
BAQ.KZ ақпарат агенттігі - елімізде тек қазақ тілінде ақпарат тарататын басты ақпарат құралы. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2010 жылдың қараша айында құрылған. Яғни, биыл порталдың 10 жылдық мерейтойы.
BAQ.KZ Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналатын айқын және маңызды жаңалықтарды минут сайын оқырманға жолдайды.
Strategy2050.kz ақпарат агенттігі 2013 жылы құрылды. Сараптамалық-шолу порталында "Қазақстан-2050" Стратегиясы" президенттік бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша күн сайын қазақ, орыс және ағылшын тілінде материалдар жарияланады. Биыл сайттың құрылғанына 7 жыл толады.
Primeministr.kz 2013 жылдың қаңтарында құрылды. ҚР премьер-министрінің қызметі туралы тұрақты ақпарат беретін ақпарат агенттігі.Биыл құрылғанына 7 жыл толды.
El.kz ақпараттық-танымдық порталы 2017 жылы құрылды. Салт-дәстүр, өнер, бірлік пен келісім, спорт, ғылым және мәдениет салалары бойынша сыр шертеді.
Baigenews.kz ақпарат агенттігі 2019 жылдың тамыз айында құрылды. Орыс тілінде ақпарат тарататын ресурс. Елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени жаңалықтарын тәулік бойы таратады. Осы айда 1 жылдығын мерекелейді.
"Әдебиет порталы" интернет желісіндегі өз бағыты айқын бұл бірегей жоба – қазақ елінің әдеби мұрасына қызығушылық танытқан кез келген көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның басын біріктіретін, әдеби мұраны заңды түрде бір жерге жинақтайтын әдеби платформа.
Qazaqstan Tarihy порталы - тарих туралы сыр шертетін бірден-бір сайт. 2013 жылы құрылды. Үш тілде тарихи ақпарат таратады. Биыл ол да 7 жылдығын мерекелейді.
"ҚазАқпарат" 100 жылда тек миллиондаған ақпарат таратып қана қоймай, білікті мамандардың "пісіп жетілуіне", бірқатар сайттың "түлеп ұшуына" себепші болды. Алып империяны бүгінгі бір ғасырлық мерекесімен құттықтаймыз!