Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында өткен аймақаралық жұмыс жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының өкілдері жамбылдықтарға бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, биыл өңірде 35 482 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде оған республикалық және жергілікті бюджеттерден барлығы 9,2 млрд теңге бөлініпті. Сондай-ақ, Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағыты бойынша, яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында жамбылдықтарды еңбек нарығында сұраныс көп аймаққа қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен ынталандыру тетігі қарастырылған.
Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, биыл солтүстік өңірлерден (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары) 1 255 жұмыс берушіден 4 659 ваканттық жұмыс орнының тізімі келіп түскен. Қажетті мамандардың тізбесі де көрсетіліп, барлық аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарына жолданған екен.
«Көпшілікке еңбек күшіне сұраныс бар аймаққа бару арқылы тұрақты табыс тауып, тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғанын түсіндірудің арқасында 45 отбасы дұрыс шешім қабылдап, қоныс аударды. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан өңіріне – 15, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысына 7-ден, Қостанайға 16 отбасы көшіп барып, баспаналы болып, шаруашылықпен айналысу үшін қажетті жер учаскелерін алып үлгерді. Қазір оларға суармалы егістік жерлер берілген», - деді аталған басқарманың басшысы Сейдахмет Сейітбеков.
Солтүстік облыстардың жұмыс берушілері өткізген өңіраралық жәрмеңке осы бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыра түсті. Жұмысшы күшіне сұраныс бар аймақта қандай мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары бар екені нақтыланып, көшуге болатын аумақтар ұсынылуда. Көшуге бел буғандарға жол шығыны және тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеу үшін субсидиялар беріледі екен.
Жергілікті әкімдіктің өкілі көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 35 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (88 375 теңге) бір рет жәрдемақы қарастырылғанын айтады. Ал баспананы жалға алуға берілетін субсидия қалалық жерге қоныс аударғандарға ай сайын төленеді. Бір адамға 20 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (50 500 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін жетсе, 25 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (63 125 теңге), ал бес және одан көп болса, 30 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (75 750 теңге) белгіленген. Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге және коммуналдық қызметтерге төленетін субсидияны ауылдық жерлерге қоныс аударғандар айма-ай алып отырады.
«Былтырдан бері Шығыс Қазақстан облысына Жамбыл жерінен 40 отбасы көшіп барды. Қоныс аударушылар үшін қарастырылған әлеуметтік төлемдердің барлығы төленді. Мысалы, өткен жылы ауылдық жерге қоныстанған бір отбасының қазіргі ахуалын айтайын. Ері – шаруа қожалықтың механизаторы, әйелі – аспаз, екеуінің ай сайынғы жалақылары 200 мың теңгеден асады. Екі балалы отбасы болғандықтан 4 бөлмелі пәтер берілді. Балғындар балабақшаға барып жүр», - деді Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.
Шығыс Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған 82 кәсіпорын бар. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылуда. Сондықтан онда кәсіби кадрларға деген сұраныс жоғары көрінеді.
«Дәл қазіргі бос жұмыс орындарының саны – 18 мың. Оның 1366-ы – мұғалім, медицина қызметкерлері, агроном, жүргізуші, инженер, ұста, шебер, секілді мамандықтар», - деді басқарма басшысы.