Зиянды жерде жұмыс істейтіндерге зейнетке ерте шығу құқығы беріледі

8 Қараша 2023, 16:55
1308
Бөлісу:
Зиянды жерде жұмыс істейтіндерге зейнетке ерте шығу құқығы беріледі
Фото: BAQ.KZ - архив

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің жағдайын жақсартуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбекмині өкілі Мәжілістің комитеті отырысында зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем енгізуді көздейтін заңнамаға қандай түзетулер енгізілетінін таныстырды.

Заңнамалық түзетулердің негізгі мақсаттары мен міндеттері:

  • зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге арнайы әлеуметтік төлем енгізу;
  • жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру;
  • өтпелі кезеңдегі регресшілерге сақтандыру төлемдерін алу құқығын беру.

Осы шараларды іске асыру үшін Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге және «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға түзетулер енгізу қарастырылады, - деді вице-министр.

Ақмәди Сарбасов 2014 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс берушілер есебінен жалақының 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жүзеге асырылатынын хабарлады. Сондай-ақ оларға зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетке ерте шығу құқығы беріледі. 

Атап айтқанда, ерлер үшін – 5,3 млн теңге, әйелдер үшін - 6,8 млн теңге.

Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт көзден: республикалық бюджеттен 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік төлем, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде жүзеге асырылады, – деді вице-министр.

Ақмәди Сарбасов арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізу мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ететінін және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы