Жыраудың аузынан шыққан сөз биік болу керек – Елмұра Жаңаберген

9 Желтоқсан 2023, 09:35
3249
Бөлісу:
Жыраудың аузынан шыққан сөз биік болу керек – Елмұра Жаңаберген
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

13 желтоқсанда Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымның солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жыршы-жырау Елмұра Жаңабергеннің сахнадағы 35 жылдық мерейтойына арналған "Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс" атты жеке шығармашылық концерті өтеді. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі дәстүрлі жыраулық өнерді көмейіне ұялатқан жыршымен сұхбаттасқан еді.

Дәстүрлі жыршылық өнер - бірегей өнер. Оған екінің бірі бойлай алмайды. Оны түсінуге мықты түйсік, қабылдауға үлкен жүрек керек. Осы өнерге қалай келдіңіз?

Мен өзім кішкентайымда көп ауырдым. Сегіз жасымда елдегі үлкен Қарамолда деген атамыздан жыраулық өнерге батасын алдым.

Өзімнің де бір сөзім бар, "Сегізімде Қармолдадан жыраулық жолға бата алдым, Қыз бала үшін өнердің жолы ауыр тым. Сонда да болса қаймықпай көтердім жүгін атамның, Эльмира болып туылып, мұрасын жинап халқымның, Елмұра жырау атандым" деймін. Ұстаздарымның бағыттауымен, көп жылғы еңбектің арқасында осы жолмен жүріп келемін. Біреу жырау дейді, біреу жыршы дейді, енді біреуі термеші дейді. Бұл сөзге мен еш қарсы шықпаймын, ол атауды халық береді. Халық жырау десе жыраумын, термеші десе термешімін. Сондықтан халық айтса қалт айтпайды. Тыңдарманымыз үшін еңбектену ол мойнымыздағы парызымыз, борышымыз деп түсінемін. 

Жыраудың аузынан шыққан сөз биік болу керек – Елмұра Жаңаберген

Менің туған жерім қасиетті жыраулар Нұртуған, Жаңаберген, Бітімбай жыраулар шыққан Арал жері. 18 қыз-жырау шыққан қасиетті Мырзастың қара топырағы. Кейде өзім толғаулар, жыр жазып кететінім бар. Алдағы 40, 50-жылдық концерттерімде көп дүниелер жасалар. Жазылып жатқан сазгерлік дүниелерім де бар. Замануи тұрғыда да әндер жазатын кезім болады. Ол бес жылда бір, кейде бір жылда 1-2 мақам келіп қалуы мүмкін. Әрине шығармашылымызға 35 жыл дейміз ғой, алайда 18 жасымнан бастап үлкен сахнаға шыға бастадым. Мектеп оқып жүргенде де әндер жазған кездерім бар, көңілім хошында, қатты мұғайғанда немесе қуанғанда жазатыным бар. Қазір жазған 12 мақамым бар. Ата-бабаларымыздың сара жолымен осы өнер келіп отыр ғой. Жыраулар сазын көп тыңдадым. Өзім іздеп барып, солардан үйрендік, бойымызға нәр болып құйылды. Кейін өзімізден де ішімізде қайнап-қайнап шығатын болды. 3 күй шығардым. "Қыз-ғұмыр", "Отан", "Ұлы менің қазағым", "Қыздарыма" деген әндер жаздым, 5-6 ән. Әке-шешем өмірден өткен жезде "Сағыныш" күйін жаздым. Пандемия кезінде елге жеңісті жігер тілеп "Жігер" күйін жаздым. Мақамдарымның көбі шайырлардың сөзіне жазылған. Ішінде Нұртуған Кенжеғұлұлы, Нартай Бекежан сынды ақындар бар. Бар-жоғы 20 мақам шығар. Өзімді композитор демеймін, алайда соңғы кезде зерттеу жасап мақамдарды нотаға түсіргенде, өз шығармаларым бөлектеніп шыға келді. Өзім сондай-ақ көп жыл президент оркестрінде жұмыс істедім. Кәдімгідей сарбаз болдым, майорлык шенім де бар.

Жыршылық мектептің бүгінгі дамуы қандай?

Жыршылық мектеп қазіргі күні өте жақсы дамып жатыр. Тек қана оған мемлекеттік тұрғыда үлкен қолдау керек. Жыраулық үлкен академиялар, университеттер ашылса деймін. Сосын кез-келген мекемеде жырау деген штат ашылып, сол жердегі қызметкерлерге насихат айтып, кеңес беріп отырса деген ұсынысым бар. Оған қоғам қайраткері ретінде қызмет тапсырылу керек, осылайша ұлы даланың төрінде жүрген жыраулық өнер қайта өрлер еді. Егер осы жаңашылдықтар енгізілсе қазіргі күні көтеріліп жатқан қазақ тілі мәселесі, жастар салт-дәстүр білмейді деген әңгіме азаяр еді. Жыраулық өнер көтерілсе, қазақ өз тектілігіне оралып, әркімнің дәстүрін жаттап адаспас еді.

Біз университетте көптеген шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Бірақ сол балалар оқуын бітірген соң қайда баратындарын білмей, жұмыссыз қалады. Өте керемет талантты балалар той-томалақта азын-аулақ ақшаға жалданып кетеді. Жыршылық өнері жайына қалып, күн көрудің қиын жолына түсіп кетеді. Жырау деген олай емес, басқаша айтқанда «қат» болу керек қой. Жырау келді дегенде ох деп жыраудан көп нәрсені естіп кеңес алу керек. Жыршы-жыраулар есіктің алдында отырып қызмет көрсетпеген. Оның бағасын халық білген. Оған қазір шамалы жете алмай жатырмыз. Үлгі, тәрбие беретін өнер ғой бұл. Жақсы сөз айту, жақсы көру, жақсылық жасау қазір біздің қоғамда өте қымбат нәрсе. Жыраудың аузынан шыққан сөз биік болу керек. Даналыққа, далалыққа бой алған халықпыз ғой, осыларды жолға салатын, бағыттайтын осы жыршылар мен термешілер.

Жыраудың аузынан шыққан сөз биік болу керек – Елмұра Жаңаберген

Жыршылық пен жыраулық өнерге тоқтала кетсеңіз? Сіздің жаныңызға екеуі де жақын ба? Жастардың бойына осы өнерге деген сүйіспеншілікті қалай сіңіреміз?

Маған қай-қайсыссы болса да жақын. Термеші дегеніміз ол насихатты, ақыл-сөздерді жақсы сөздердің бәрін теріп алып, елге термелеп, тербетіп жеткізетін жан. Мысал өлеңдер, толғауларды,  қатты ұзын емес қысқа өлеңдерді өзі жаттап алып орындайды.

Ал жыршы деген терме толғауларды, айтыс өлеңдерді, көлемі қысқа-немесе ұзын өлеңдерді, эпостарды, дастандарды, хикаяларды таңған таңға жырлайтын адамды жыршы дейді.

Ал жырау деп өзі сәуегей, болашақты болжап тұратын, айналасына жақсылығын жасап, шуағын шашып жүретін, зілдей емес жақсы сөзімен жанды жадырататын, адамгершілігі жоғары, өресі биік, ешкімнен жасқанбайтын тура адамды айтады. Ол жыршы бойындағы қасиеттерді жинақтап, әрі өзі жанынан шығаратын, ақындығы, композиторлығы да болу керек. Қабілеті ерекше, бойында көп қасиеті бар осындай универсал, сан-түрлі өнері бар адамды жыраулар дейтін. Бұрынғы жыраулардың сарбаздарға рух беретін қасиеті болған. Енді қазір қай жырау сарбазға барып рух беріп жатыр, үлкен академия ашу керек дегенім ойым да осыдан шығады ғой. Қазақ даласында жыраулар бар ғой, барымызды ұлықтап, соған қолдау жасап, дамуына мүмкіндік беру керек.

Айына бір рет болсын, жырауды, дастандарды тыңдаса оның өзі үлкен тәрбие. Мысалы "Қыз-Жібек", "Қобыланды", "Ер-Төстік" жырын тыңдаса, қазақ халқының тұрмысынан дәріс алады, қазақтың сөзін жаттайды, болмысын түсінеді, жер-су атттарын жаттайды. Мысалы қыздар қандай болу керек деген сұрақ көп қойылады ғой, ал мұндайда Қыз-Жібекті тыңдаса оны сұрамас еді. Қыз жібектің қылығы, сұлулығы, жүрісі, сөйлеген сөзі, осынының бәрі тұнып тұрған тәрбие ғой.

Ал жырда суреттелетін Төлегеннің азаматтығы, батырлығы, кеңдігі ол бөлек әңгіме. Жастарға басқа біреуден үйренудің керегі жоқ. Барлық тәрбие осы жерде жатыр ғой.

Әрқайсысын тыңдап отырғанда көп үлгі аласың. Қыздарым менен "Қыз қандай болу керек?" дегенде "Қыз Жібекті" тыңда деп айтамын. Ал жігіттерге "Қобыланды", "Алпамыс" жырларын тыңдап, сусында, үлгі ал деп айтар едім. Елін, халқын қорғайтын, парасатты, кең ер-жігіт, қыз баланы, анасын сыйлайтын азамат жаман болмайды.

Жыраудың аузынан шыққан сөз биік болу керек – Елмұра Жаңаберген

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтетін концертіңіз мамыр айында өткен жыр кешінен өзгеше болады дедіңіз, соған тоқтала кетсеңіз?

Концерт 13 желтоқсанда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында өтеді. 35 жылдық шығармашылығыма арналған жыр кеші "Көшпенділер әуені" халықаралық фестивалі аясында өтеді. Осы концертті ұйымдастыруға ұйытқы болған "Қазақконцерт" ұйымына, тыңдармандарыма басымды иіп алғысымды айтамын.

Жақында Маңғыстау жұртына, туған жерім Қызылордама барып шабыттанып келдім. Мамыр айында 4 жарым сағаттық жыр кешін бердік. Өнерде ізімнен ерген Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Айбек Тәңірбергенов деген жыраулар келіп, шәкірттерім де өнерін көрсетті. Өнердегі апам Сәуле Жанпейісова Алматыдан арнайы келген еді.

Жалпы Арал, Қазалы өңіріндегі жыраулық дәстүр аз зерттеліп, әуентану тұрғысынан көп зерттелмеген, осы Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі туралы жазып, зерттеп қорғадым. Сол еңбегімді монография ретінде жазып презентациясынан жасадым. Алдағы уақытта алпыстан астам мақам нотаға түсіріледі. Біраз сырдың әндері нотаға түсіріліп дайын тұр, оны шығару қаржыға тіреледі. Өзімнің мақамдарым да дайын, ол енді уақыттың еншісінде. Солардың бәрін студияда жазып, жарыққа шығарам деген мақсатым бар. 

Мамыр айындағы концертімде қазақ жеріндегі әншілік мектеперден жыршы-жырауларды шақырдым, бұл жолғы концерт басқаша, халықаралық деңгейдегі, сыртта бірге өнер көрсетіп жүрген әншілерді, достарымды шақырып жатырмын. Қырғызстаннан "Ел әншісі" мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Роза Аманова, Қарақалпақ халқының үлкен жырау қызы Гүлнар Алламбергенова, Якутияның еңбек сіңірген қайраткері Юлиана Кровошоткина, Түркиядан 5-6 жігітті бастап Арсланбек Сұлтанбеков, Түркиядан Ферияль Башель, Альпер Кырача, эпик-жыршы, фольклотанушы Берік Жүсіпов деген достарым келе жатыр. Қазір әлемге танылып жүрген "HASSAK" этно-фольклорлық тобы қызым Салтанат Ерсұлтанмен бірге "Менің аралым" толғауын орындап шығады. Концертіміз жоғары деңгейде жақсы өтеді деген үміттемін.

Сөз соңында айтарым, болашақта осы өнер көбірек насихатталса жыраулық өнер өседі деп ойлаймын. Ең бастысы ел-жұртымыз тыныш, бақытты заман болсын.

Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңыз өркендей берсін!

Өзгелердің жаңалығы