«Жыр арқауы – Ата Заң» атты шығармалар жинағы жарық көрді

25 Тамыз 2020, 11:46
2915
Бөлісу:
«Жыр арқауы – Ата Заң» атты шығармалар жинағы жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Жыр арқауы – Ата Заң» шығармалар жинағының, «Бала өрген Ата Заң» балалар суреттері мен эсселер жинағының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасының онлайн-таныстырылымы өтті.

Аталған жиынды Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мами өзінің құттықтау сөзімен ашты.

Биыл 30 тамызда ҚР Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толады. Сіздерді алда болатын Ата Заңның ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтаймын! Бұл тарихи оқиғаға орай республика көлемінде кешеден бастап конституциялық кеңестің ұсынысымен Ата Заң апталығы басталып кетті. Кез келген елдің басты заңы бір күнде пайда болмайды. Қазіргі Ата Заңымыздың түп қайнары Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолының» лайықты жалғасы, - деді ол. 

Сонымен қатар, ол республикамыздың даму жолында Конституцияның алар орыны ерекше екенін атап өтті. 

Тәуелсіз еліміздің негізгі заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, адамзаттық құндылықтарды ұғындыруға зор ықпал етті. Оған тағылымы табынды тарих пен өмір таспасындай болып өткен ширек ғасырлық уақыт күә. Егемен Қазақ жеріндегі бүгінгі бейбіт заман татулық пен ынтымақ, қоғамда орнаған ізгілік Ата Заңымыздың асыл мұраты. Киелі құжаттың жасампаздық рухы сөзден маржан тізген және қылқалам ұстаған арқалы қауым көңілін марқайтып, шабытын шалқытатыны белгілі. Бүгін біз соның куәсі боламыз. Олардың арасында өскелең ұрпақтың болуы көңілді ерекше марқайтады. Сөзіме дәлел Конституцияны ардақ тұтып, оған жыр арнаған ақындардың көшбасында аурақты ұлы ақын Жамбыл Жабаев тұрса, қазіргі уақытта Оразақын Асқар, Серік Ақсұңқарұлы, Нұрлан Мәукенұлы, Нұрлан Қалқа, Әлия Дәулетбаева сынды айтулы жыр шеберлері тұр. Қадірменді жыр сүйер ағайын, сонымен біз өлеңге жаны құмар жандардың шығармаларын жинақтап «Жыр арқауы – Ата заң» атауымен жарыққа шығардық, - деді Қайрат Мами. 

Жыр жинағы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Ата Заңым- Арым» деп аталады. Онда жердің тұтастығы, мемлекекттің бүтіндігі, елдің мұраты, ұлттық меженің жолында құнды құжаттың адастырмас темірқазықтай маңызға ие болғанын, ардың айнасы жырланады. 

Екінші бөлім – «Ұлы көшім Нұрлы жолға жалғасты» деген қазіргі Тәуелсіздіктің асқарына жету жолындағы айбарлы Ата Заңымыздың рөлін, ақиқаттың бұлжымайтын тура жолға бастайтыны суреттеледі. 

Сонымен қатар, «Бала өрген Ата Заң» оқу жинағын таныстырып отырмыз. Оған оқушылардың Ата Заң тақырыбына арнап жазған эсселерімен салған суреттері енді. Бұл байқауларды Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп өткіздік. Жинаққа енген қолжазбалар мен суреттердің әрқайсысы да отансүйгіштігімен, шынайылығымен, соны бояуымен баурайды. Олар қазақстандықтарды бірлікке, ырыс-ынтымаққа, ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылуға шақырады, - деді ол. 

Сондай-ақ, ол осы екі шараның тұсаукесер рәсімі кезінде Ата Заңға арналған пошта маркасын да айналымға жіберілгені мәлімдеді. 

Аталған кітаптар және марка алғаш рет жарық көріп отыр. Олардың таныстырылымын Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы және «Қазпошта» АҚ-мен бірігіп өткізіп отырмыз, - деп атап өтті Қайрат Мами.

Өзгелердің жаңалығы