Жылдың басынан дауылды жел Каспий жағасына 220 өлі итбалық шығарды. Оның себебі неде?

19 Шілде 2022, 20:00
1956
Бөлісу:
Жылдың басынан дауылды жел Каспий жағасына 220 өлі итбалық шығарды. Оның себебі неде?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты. 

Министр жылдың басынан Қаражамбас учаскесінде 220 өлі итбалық солтүстік-батыстан және батыстан соққан дауылды желдермен Каспий жағасына шығарылғанын айтты. Сонымен қатар, бұл мәселеге байланысты Балық шаруашылығы комитеті әртүрлі ғылыми ұйымдарды тартқанын айтып, ғылыми топ зерттеулерінің қорытындыларымен бөлісті.

Бірақ теңіз жануарларының өлекселері қатты ыдырау сатысында табылғандықтан, ветеринариялық қызметке токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық зерттеулер үшін тіндерді алу мүмкін болмаған. Итбалықтың табылған өлекселерінің ыдырау сатысына қарай теңіз жануарлары бірнеше ай бұрын өлгені анықталды. 

Сыртқы тексеріс пен дене өлшемдерін алуды 67 итбалық өлексесіне ғана жүргізу мүмкін болды. Тексеріс 17 итбалық денесінде оларды өлімге әкелген немесе әкелуі мүмкін деп танылған механикалық зақымдар барын анықтады. Механикалық зақымдану себептері – итбалықтарды балық аулау торларында аулау, оларды босату кезінде тірі немесе өлі итбалықтардың жарақаттануы, итбалықтардың ілмек тәрізді тыйым салынған аулау құралдарынан ажырату және олардың кеме бұрандаларының астына түсуі, - деді Брекешев.

Итбалықтардың жасын табылған өлекселердің тек 19-нан анықтау мүмкін болды. Олардың 10-ы 2020-2021 жылдың қысында туған күшіктер болып шықты. 

Күшіктердің өлімі олардың шаршауы, суға түскеннен қатып қалуы, жаңа туған итбалықтардың мұзбен ашық теңізге шығуы сияқты себептермен түсіндіріледі. 2020-2021 жылдардағы қыс мезгілінің жылы болуы итбалықтардың мұзда көбеюіне қолайсыз болды. Аталған себептер итбалықтардың табиғи өліміне себеп болды, - деді министр.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, итбалықтардың өлексесі табылған жердегі ауа мен судың сынамасын жасаған мамандар сараптамасы ауада зиянды заттардың жоқ екенін, ал судың сынамасынан рұқсат етілген норма шамасындағы металл ғана табылғанын алға тартқан.    

Өзгелердің жаңалығы