Жылдың алғашқы айында өсім көрсеткен өңірлер аталды

16 Ақпан 2021, 09:32
1389
Бөлісу:
Жылдың алғашқы айында өсім көрсеткен өңірлер аталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алғашқы бір айда өндіріс көлемі өскен өңірлер белгілі болды. Бұл туралы Үкіметтің онлайн отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты. 

Оның айтуынша, өндіріс көлемінің өсу қарқыны бойынша, алғашқы айдағы өсу Шығыс Қазақстан (14,6 пайыз), Қостанай  (12,2) облыстары мен Шымкент қаласында (10,6 пайыз) тіркелген. Ал өндіріс көлемі керісінше төмендеген өңірлер қатарына Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Павлодар облыстары кірді. Олардың ішінде ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында. Мұнда өндіріс көлемі -29,6 пайызды көрсеткен.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, кен өңдеу өнеркәсібін есепке алмағанда өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу жалғасуда, машина жасау саласында 16,2 пайызды құрап, оның ішінде автомобиль жасау 21,2 пайыз, химия өнімдерін өндіру 12,8 пайыз, құрылыс материалдарын өндіру  11,8 пайызға жоғарылады. Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінің өсуі үш пайызды құрады. 11 өңір өсім көрсетті.

Осы жылдың алғашқы айының қорытындысы бойынша кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда нақты сектор 3,6 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 25,5 пайызға артты. Бұл алдағы уақытта экономиканың тұрақты өсуіне негіз болады. Жылдық инфляция 7,4 пайыз деңгейге баяулады. Көрсетілетін қызметтер саласының тұрақталуы байқалады, - деді министр.

Оның айтуынша, ОПЕК келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты мұнай өнімдерінің 12,3 пайызға қысқаруы кен өңдеу өнеркәсібінің төмендеуіне әкелді. Салдарынан қаңтарда жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны -4,5 пайызды құрады.



Өзгелердің жаңалығы