Маңғыстау көп бейінді облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында ауруханада 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында не анықталды?
Тергеу материалдарына сәйкес, аурухананың бас есепшісі танысымен алдын ала сөз байласқан. Олар бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есепшоттарына аударып, кейін ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сотта сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
Сот үкімімен аурухананың бас есепшісіне 7 жылға бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал оның сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, БҚО-да суару жүйесін салуға бөлінген 251 млн теңге субсидия жымқырылған. Суару жүйесін салуға бөлінген бюджет қаржысы жалған құжаттар арқылы алынған.
Тағы оқи отырыңыз: Онлайн-казиноға қатысты 10 млрд теңгеге жуық ақша айналымы: Қазақстанда қылмыстық топтар ұсталды
Рэпер NAVAI есірткі контрабандасы ісі бойынша қамауға алынды
Қызылордада түрмеге гамбургермен насыбай өткізбек болды