Дональд Трамп Канаданың АҚШ-қа қосылуы туралы тағы да сөз қозғады. Жақтастарымен кездесуде ол көрші елді баж салығы мен оны қолдауға жұмсалатын шығындар үшін сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Global News-ке сілтеме жасап.
АҚШ Президенті Дональд Трамп Аризона штатындағы Буллхед-Сити қаласында жақтастарының алдында сөз сөйледі. Сөйлеген сөзінде Трамп Канаданы әділетсіз сауда саясаты үшін айыптап, оның тарифтеріне бұдан былай шыдай алмайтынын атап өтті.
Содан кейін Америка лидері көрші елді қосып алу идеясына қайта оралды.
«Түбінде олар 51-ші штатқа айналады. Өйткені бұл – жалғыз тиімді жол. Олар бізге керек емес, бірақ біз оларға керекпіз», – деді Трамп.
Оның айтуынша, АШҚ Канадаға қолдау көрсетуге байланысты жыл сайын 80-нен 90 миллиард долларға дейін шығынға ұшырайды. Ол Құрама Штаттардың құрамына кірмейтін елге мұндай қаражат жұмсаудың қаншалықты қажет екеніне күмән келтірді. Алайда бұл соманың қалай есептелгенін сөйлеген сөзінің осы үзіндісінде Трамп нақтылап түсіндірген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Канададан келетін кейбір тауарларға шектеу қойғаны хабарланды.