Жыл сайын үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр. Смайылов әріптестеріне тапсырма берді

1 Ақпан 2022, 10:03
1168
Бөлісу:
Жыл сайын үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр. Смайылов әріптестеріне тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов тұрғын үй саласындағы мәселені көтеріп, әріптестеріне тапсырма берді.

Жалпы құрылыс саласы жыл сайын оң динамика көрсетіп, өсіп келеді. Былтырдың қорытындысы бойынша 17,1 млн шаршы метр үй салынды. Тұрғын үй құрылысына  шамамен 2,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Бірақ осыншама өсімге қарамастан, қарапайым азаматтардың басым бөлігінің  баспанаға қолдары жетпей жүр. Жыл сайын үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр, - деді Үкімет басшысы.

Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленгенін айтты.

Мұнда Отбасы банкке ерекше рөл беріледі, ол  баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін қалыптастыру және оларға жеңілдікті тұрғын үйлерді сату бойынша бірыңғай оператор болады. Азаматтарға үй сатып алу мақсатында өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін Отбасы банкіндегі депозиттерге салу мүмкіндігі берілді. Заңнаманы реформалау аясында тұрғын үйді кірісіне қарай сату, жалға алу төлемдердің бір бөлігін  субсидиялау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу механизмдері енгізіледі, - деп атап өтті Премьер-министр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялау механизмін енгізу туралы шешім қабылданды.

Шамамен баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасы  осы механизммен қамтылады, олар жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады. Жалпы жаңа тәсілдер  10 жыл ішінде  тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның  баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан жалпы ұсынылған тәсілдерді қолдаймыз, - дейді ол.

Үкімет отырысында Әлихан Смайылов бірнеше мәселені көтеріп, әріптестеріне тапсырма берді.

Бірінші. Тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін енгізудің маңыздылығын ескеріп, Индустрия министрлігі тиісті заң жобасының Парламентте депутаттармен сапалы әрі жедел пысықталуын қамтамасыз етуі қажет.

Екінші. Индустрия министрлігі мен Бәйтерек холдингі аренданы субсидиялау механизмін енгізу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері мен рәсімдерді аяқтап, осы жылдың 1 мамырына дейін нақты іске асыруға кірісуі тиіс.

Үшінші. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сапасын арттыру және жеңілдету үшін Индустрия министрлігі құрылыс саласын реттеуге цифрлық технологияларды енгізу бойынша заң жобасын  осы жылғы 1 сәуірге дейін Үкіметке енгізсін, - деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов атап өткендей, құрылыс маусымын уақытылы бастаудың маңызы зор. Өңір әкімдері  күн жылынған соң  құрылыс жұмыстарын барынша тездету үшін ерте бастан жер учаскелерін бөлуді, жобалық құжаттарды әзірлеуді, қажетті инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Өзгелердің жаңалығы