Жыл басынан бері 317 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

16 Сәуір 2024, 14:25
230
Бөлісу:
Жыл басынан бері 317 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 59,8 мың отбасындағы 317 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 сәуірге АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 96,2 мың балаға 1,6 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Бұған дейін хабарланғандай, су тасқынына байланысты ТЖ режимі жарияланған қалалар мен аудандарда осы жылдың II тоқсанына 5 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмекті автоматты түрде тағайындау жүзеге асырылды.

Өзгелердің жаңалығы