«Жусан» операциясы: Елге оралғандарды әлеуметтік қайта бейімдеу тәжірибесі

15 Желтоқсан 2020, 23:02
1587
Бөлісу:
«Жусан» операциясы: Елге оралғандарды әлеуметтік қайта бейімдеу тәжірибесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ Конгресінің мүшелері мен қызметкерлеріне арналған «Жусан» операциясы туралы вебинар өткізілді. Қазақстан Елшілігі АҚШ-тың Конгресс өкілдері палатасындағы Қазақстан-АҚШ Кокусымен (достар тобымен) бірлесіп, қазақстандықтарды соғыс аймақтарынан оралту және оларды қоғамға қайта бейімдеу тәжірибесін талқылау мақсатында іс-шараны ұйымдастырды. 

Вебинардың негізгі спикерлері ретінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев және Терроризмге қарсы іс-қимыл барысында адам құқықтарын ілгерілету және қорғау бойынша БҰҰ-ның Арнайы баяндамашысы Фионуалла Ни Аолайн қатысты.

Елші Ержан Қазыханов іс-шара басындағы сөзінде «Жусан» операциясы Қазақстан үшін маңызды тәжірибе бола тұрып, басқа елдер үшін жарқын үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл жоба жиналған тәжірибе мен дағдыларды дамытуға және таратуға бағытталған Қазақстандағы Үздік тәжірибелер орталығы түрінде өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

Е. Ашықбаев операцияның барлық кезеңдерін егжей-тегжейлі баяндап, әлемнің 80-нен астам еліндегі азаматтардың террористік ұйымдарға қатысулары мәселесіне тап болғанын өкінішпен атап өтті. Сондай-ақ, АҚШ серіктестеріне операцияны өткізуге қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан өз тәжірибесімен басқа елдермен бөлісуге дайын екендігін айтты.

Сонымен қатар, Е. Ашықбаев «Жусан» операциясы ең алдымен радикалды идеологияның құрбаны болған әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған гуманитарлық миссия екендігіне назар аударды.

БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы өз сөзінде соғыс жүріп жатқан аймақтан азаматтарды елге қайтару және қоғамдық қайта бейімдеу мәселесінде Қазақстанның әлемдік көшбасшылығына ерекше мән беріп, басқа елдерді мемлекетіміздің тәжірибесін үлгі ретінде қабылдауға шақырды. Осыған қоса, Қазақстан Үкіметінің ынтымақтастыққа ашық және диалог орнатуға дайын екендігін ерекше атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы