Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Жусан" гуманитарлық операциясының төрт кезеңі аяқталды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков айтты.
Біз "Жусан" операциясының барлық кезеңдерін аяқтадық. Ирактан 14 баланы алып келгенімізді білесіздер. Әрі қарай жалғастыру жоспарда жоқ. Өйткені біз қақтығыс аймақтарында жүрген азаматтарымызға қатысты тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз, олар туралы толық ақпарат жоқ. Алдын ала дайындық жұмыстары, консультациялар өткізілуде, - деді Нұрғали Білісбеков.Оның айтуынша, бүгінгі таңда тағы 100-ден астам қазақстандық террористік қақтығыс аймағында жүр екен.
Негізінен Сирияда жүр. Ол жақта 36 ер адам, шамамен 80 әйел бар. Бірақ балалардың санын нақты білмеймін. Сондықтан олар туралы айта алмаймын. Бұл Сирия, Ирак, Ауғанстан, - деді ҰҚК төрағасының орынбасары.Айта кетейік, "Жусан" гуманитарлық операциясының төрт кезеңі аяқталды. 2019 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылды, оның ішінде бала саны - 406.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жусан" арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі аяқталғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Министр "Жусан" операциясы аясында елге оралған әйелдерді 100% оңалтуға тапсырма берілгені туралы айтты.