ІІМ ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты жағдайды түсіндірді.
Құрметті жүргізушілер! Қазір тасжолдардағы жылдамдыққа қатысты айыппұлдар бойынша біраз сұрақ туындағанын көріп отырмыз. Сондықтан не болғанын қысқаша түсіндіргіміз келеді. 13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның "ЕРАП" ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру бойынша кейбір бұзушылықтар бір-сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген. Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деп хабарлады ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
ІІМ мәлім еткендей, жүргізушілерге ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталған және олар автоматты түрде жойылады.
Тағы да атап өтеміз: Мәселе тек тасжолдарда аталған техникалық ақаудың салдарынан қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отыр. Ал мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі қазір пысықталып жатыр. Жағдай бақылауда, - деді ол.