Жұмысшылар компания мүддесі үшін құрбан болмауы тиіс - Қоғам белсендісі жаңаөзендіктер жайлы

14 Сәуір 2023, 16:47
1370
Бөлісу:
Жұмысшылар компания мүддесі үшін құрбан болмауы тиіс - Қоғам белсендісі жаңаөзендіктер жайлы
Фото: Бибігүл Нұрашеваның Facebook парақшасынан

Еңбек құқығы саласының PhD докторы Бибігүл Нұрашева құқыққорғау органдарына «БерӘлі Маңғыстау Компани» ЖШС-не қатысты қоғамдық үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Бибігүл Нұрашева өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Сөзінше, министрлік алдындағы наразылық акциясы кезінде өткен жылдың басындағы «Қаңтар» оқиғасы кезеңіндегідей жағдай бақылаудан шығуға жақын қалғандай көрініс қалыптасты.

​Құрметті Берік Ноғайұлы, Асхат Жұмағалиұлы, Ермек Алдабергенұлы! Өздеріңіз білесіздер ағымдағы жылғы 10 сәуірде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан «БерӘлі Маңғыстау Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100-ден аса бұрынғы жұмысшысы Астана қаласына келіп, Энергетика министрлігінің алдында өздерінің наразылықтарын білдіріп, түнеп шықты. Келесі күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өкілдері наразы азаматтармен келіссөздер жүргізді, кездесу өткізді. Бірақ жаңаөзендіктер ұсыныстармен келіспейтінін айтып, кездесудің ортасынан шығып кеткен. Наразылық акциясын заңсыз жалғастыруына байланысты олардың барлығы полиция жасағымен ұсталды. Өз туыстарының, жерлестерінің ұсталғандығын естіген маңғыстаулық азаматтар өз облысы аумағында жиналып, оларға қолдау білдірді. Әсіресе, Жаңаөзен қаласында астаналық полицейлердің әрекетіне наразылардың қарасы қалың болды. Шынын айтсақ, көз алдымызда өткен жылдың басындағы «Қаңтар» оқиғасы кезеңіндегідей жағдай бақылаудан шығуға жақын қалғандай көрініс қалыптасты. Қазіргі таңда Астанаға келген жаңаөзендіктерге қатысты ел азаматтары арасында түрлі пікірлер айтылуда, - деп жазды ол.

PhD доктор еңбек құқығымен ұзақ жылдар айналысқан маман ретінде, бұл жағдайға ерекше көзқараспен тиянақты әрі дәлелді тергеу қажет екенін атап өтті. Себебі қарапайым жұмысшылардың құқығы жан-жақты бұзылу фактілерінің орын алуына негіз бар.

Мен, еңбек құқығымен ұзақ жылдар айналысқан маман ретінде, бұл жағдайға ерекше көзқараспен тиянақты әрі дәлелді тергеу қажет деп есептеймін. Өйткені, қарапайым жұмысшылардың құқығы жан-жақты бұзылу фактілерінің орын алуына негіз бар. Менің ойымша, «БерӘлі Маңғыстау Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы тендерден ұтылып қалып, екі ортадағы қарапайым жұмысшыларды пайдалану арқылы тендер нәтижесін жойып, жұмыс көлемін өзіне алғысы келгендігі туралы болжам құзырлы органдар тарапынан тексеруді қажет етеді. Мекеме басшылығы мұндай құйтырқы әдіске жүгінуі әбден мүмкін деген ойдамын. Дәл осылайша “Өзенмұнайгаз” АҚ тарапынан да осы тендерді өткізу кезінде орын алуы мүмкін заң бұзушылық фактілері тексерілуі тиіс. Әрине, жағдайдың ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтауы керек, - деді Нұрашева.

Ол Қазақстан Республикасының азаматы, ел тағдырына алаңдаушы қоғам белсендісі ретінде «БерӘлі Маңғыстау Компани» ЖШС-не қатысты арнайы тексеріс ашылуын талап етті. Нұрашева тексерісті жүргізу процесіне атсалысуға қарсы емес екендігін жеткізді.

Сол үшін мен – Қазақстан Республикасының азаматы, ел тағдырына алаңдаушы қоғам белсендісі ретінде «БерӘлі Маңғыстау Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты арнайы тексеріс ашылуын және құқық қорғау органдары мән-жайдың ақ-қарасын ажыратып, ақиқатын жариялауын СҰРАЙМЫН және ТАЛАП етемін! Бастысы еліміздің тыныштығы, қарапайым жұмысшылар компаниялардың қара басының мүддесі үшін құрбан болмауы тиіс! ​Бұл тексерісті жүргізу процесіне мені қатыстырса, қарсы емеспін. Себебі еңбек дауына құқықтық баға беру, еңбек дауын алдын алу бұл менің жұмысым. Керек болса сіздерге де кері байланыс ретінде тексеріс нәтижелерімен бөлісемін, - деп түйіндеді сөзін доктор.

Еске салсақ, 11 сәуір күні түнде Астанадағы Энергетика министрлігі алдына жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп жиналған 150-ге жуық мұнайшылар бейнеүндеу жолдады. Олар тұрақты жұмыс пен жалақының берілуін талап етті. 

Маңғыстаулықтардың алдына шыққан «Қазмұнайгаз» өкілдері келіссөз жүргізілетінін айтты. 

Нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді.  Бұл дауға қатысты Энергетика министрлігі де ресми жауабын берді.

Бас прокуратура мұнайшыларды полиция не үшін алып кеткенін түсіндірді. Сонымен қатар 5 белсенді жаңаөзендікке қатысты әкімшілік іс қозғалғаны анықталды. 

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-министр Әлихан Смайловқа сауал жолдап, мұнайшылардың мәселесін көтерді. Ол мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатқанын айтып, дабыл қақты.

Өзгелердің жаңалығы