Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жеңіл өнеркәсіпті дамыту және мақта өңдеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиын Түркістан облысының бизнесмендерімен кездесуді жалғастыру үшін ұйымдастырылды. Вице-премьер Астанадағы мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, салалық қауымдастықтар мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерін жинады. Күн тәртібінде елде мақтаны толыққанды өңдеуді қалай қамтамасыз ету және жеңіл өнеркәсіптің дамуын қолдау болды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 1396 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде 816 – тігін кәсіпорны, 461 – тоқыма өндірісі бойынша, 119 – былғары және оған қатысты өнімдер шығарады. Елдің ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,1%, өңдеуші өнеркәсіпте 0,8%-ды құрайды.
Бүгінгі таңда отандық киім және аяқ киім нарығы негізінен реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, биыл жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, бекітілді. Оған шикізат базасын дамыту, шикізатты қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіптің отандық өндірушілерінің қуатын арттыру, инвестициялар тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту жөніндегі шаралар кіреді.
Алайда, жеңіл өнеркәсіп проблемаларын шешу бірден экономиканың бірнеше секторына, ең алдымен, АӨК-ке әсер етеді. Шитті мақта өндірумен дәстүрлі түрде Түркістан облысының фермерлері айналысады. Қазақстанда жылына орта есеппен 327 мың тонна мақта өндіріледі, бірақ қазақстандық кәсіпорындарда барлық шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік жоқ.
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы мақта өнеркәсібінің әлеуеті бар деп сендіреді. Тек мемлекеттік қолдау шаралары қажет.
Бизнестің пікірінше, тиімді шаралардың бірі – жеңіл өнеркәсіп өнімдерін мемлекеттік сатып алудың бірыңғай пулына біріктіру. Сонда отандық тауар өндірушілер мемлекеттік тапсырысқа кепілді қол жеткізе алады.
Бұл жағдайда біз мемлекеттік кәсіпорындарға қанша өнім қажет екенін көретін боламыз, — деп атап өтті «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары бірлестігінің төрағасы Гүлмира Уахитова.
Өз кезегінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысының өкілі жеңіл өнеркәсіптің қазақстандық кәсіпорындарына матаның және шығарылатын өнімнің сапасын арттыруды, өндіріс технологиясын жақсартуды, Қазақстанның күш құрылымдары үшін арнайы киім жеткізетін қазақстандық брендті әзірлеуді ұсынды. Өз тарапынан мемлекеттік органдардың өкілдері тапсырыс берушілер отандық тауар өндірушілер өнімнің лайықты сапасын қамтамасыз еткен жағдайда, жеңіл өнеркәсіп үшін сатып алудағы жергілікті қамту үлесін 30-дан 70%-ға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ кеңесте жаңа тоқыма фабрикаларын салу, инвесторларды тарту, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын АЭА басым салаларының тізбесіне қосу, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына преференциялар беру бойынша ұсыныстар айтылды.
Мемлекеттің міндеті – бизнес үшін қолайлы жағдай жасау, ал инвесторлар келеді, — деп қорытындылады Серік Жұманғарин.
Соңында вице-премьер жыл соңына дейін жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту бойынша барлық ұсыныстарды шоғырландыруды және оларды келесі кездесуге ұсынуды тапсырды.