Жолын, тетігін көрсетсе, әр істі қолға алып кететін халықпыз – Абылай Мырзахметов

22 Қыркүйек 2021, 16:31
3263
Бөлісу:
Жолын, тетігін көрсетсе, әр істі қолға алып кететін халықпыз – Абылай Мырзахметов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Бастау Бизнес» жобасы түлектерінің қатысуымен онлайн-форум өтіп жатыр.

Іс-шара барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жобаның 5 жылдағы жұмысын қорытындылады.

Мәліметке сәйкес, бес жылда 185 мыңға жуық адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Олар 53 мың бизнес-жобаны іс жүзіне асырды. «Бастау Бизнес» жобасының әр үшінші түлегі кәсібін бастады. Жоба түлектері 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,4 млрд теңгеден аса салық төледі. «Бастау Бизнес» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жоба алғаш рет Маңғыстау облысынан бастау алғанын айтты.

«Бастау Бизнес» - барлық жастағы азаматқа тиімді жоба. Бүгін осы бастаманың бес жылдығы. Бұл бастаманың ойдан шыққаны халқымыздың дәстүріне сай болғанын көрсетеді. Бастау жобасы қарапайым халыққа арналған. «Бастау Бизнес» тіпті мұғалім қызметінде жүріп те бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді. Қазіргі күні интернет арқылы бірнеше минут ішінде шағын несие, грант алуға да жағдай жасалған. Осылайша негізгі кірістің көлемін көбейтуге әркімнің мүмкіндігі бар, - деді ол. 

Сонымен қатар басқарма төрағасы қазақстандықтар бизнеске икемді екенін айтты. 

Соңғы жылдары пандемияға байланысты онлайн форматқа көштік. Көбісі халқымыз еріншек деп жатады. Жолын, тетігін көрсетсе, әр істі қолға алып кететін халықпыз. «Бастау Бизнес» осыны дәлелдеп берді, - дейді Мырзахметов. 

Ол бизнес-тренерлерге, сондай-ақ осы жобаға атсалысқан барлық әріптесіне нәтижелі жұмыс үшін алғысын білдірді. 

80 мыңнан аса адам кіретін үлкен қауымдастық құрылды. Оның құрамында тренерлер, Бастаудың түлектері бар. Олар әлі күнге дейін бір-біріне қолдау көрсетіп келеді, тәжірибе алмасады. Себебі кәсіпкерлік әлемі шексіз. Осы ретте «Атамекен» Елбасының, Үкіметтің, депутаттардың қолдауымен азаматтарымызға өз-өздеріне сенімдерін нығайтуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын, - деп түсіндірді Абылай Мырзахметов онлайн-форумда. 

Айта кетейік, «Бастау Бизнес» жобасының тарихы 2016 жылы басталды. Пилоттық жоба Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, Жаңаөзенде және Ақтөбе облысының Темір ауданында іске қосылды. Тура бір жылдан кейін «Бастау Бизнес» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын оқыту форматы ретінде қабылданды. 2017 жылы 80 ауданның ауылдарындағы 15 мың тұрғын оқып, әрбір бесінші азамат жобасын іске асырды.

Өзгелердің жаңалығы