Жолдау: Тұрғындарды баспанамен қамту жолындағы ізденістерді тоқтатпаймыз – Дархан Сатыбалды

2 Қыркүйек 2023, 15:33
1239
Бөлісу:
Жолдау: Тұрғындарды баспанамен қамту жолындағы ізденістерді тоқтатпаймыз – Дархан Сатыбалды
Фото: Архив BAQ.KZ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жыл сайын 1 қыркүйек – Білім күні мемлекет басшысының Жолдауына байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды осы аймақтың BAQ.KZ тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында аса маңызды мәселелерді көтеріп, нақты міндеттерді жүктеген. Атап айтқанда, елді дамыту бағытындағы жоспарларын баяндап, стратегиямызды айқындап бергеніне тоқтала кетті.

Мемлекет басшысы Жолдауында маңызды кезең барысында қазақ елінің экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі барын, ол үшін жаңа экономикалық үлгіге біртіндеп өту керектігін айтты. Әрине мұндай қадамды батыл жүргізумен қатар, басты мақсатты айқындап алуымыз керек. Президент сөз бен қағаз жүзінде қалмай, расында әлеуметтің жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті, - деді облыс басшысы Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы атап өткендей, Жолдауда Түркістан облысын дамытуға тікелей әсер ететін бастамалар көтерілді. Сондықтан аймақ тұрғындары Жолдауды үлкен үмітпен, қызығушылықпен қабылдады.

Әсіресе, аграрлы өңірімізде ағын су мәселесі өте өзекті. Тұрғындардың 80 пайызға жуығы ауылдарда тұрады. Оның ішінде облысымыздың Оңтүстік аймағындағы бір миллиондай тұрғын ағын су мәселесі бойынша көршілес елдерге тәуелді. Сондықтан мемлекеттік деңгейде мәселе шешетін министрліктің құрылуы құптарлық қадам болды. Суды үнемдеу технологиясын енгізу күн тәртібінде тұр, - деді облыс әкімі.

Жолдауда ҚР Президенті суды үнемдейтін технологиялардың өте маңызды әрі шұғыл міндет екеніне тоқтала отырып, оны енгізудің тиімді тәсілдерін қолдануға шақырды.

Президент бұл ретте қода бар инфрақұрыымдардың ескіріп, тозығы жеткенін, оның орнына жаңасын салуды қазіргі нарықтың талабы әрі аса жауапты міндет екенін еске салды. Мемлекет басшысы біріншіден, оңды-солды суды шығынға батыратын емес, жыл сайын үнемдейтін, қоданыс аясын кеңейтетін технология қажеттігін атап өтті, - деді Дархан Сатыбалды.

Бұдан бөлек, Жолдауда ҚР Президенті көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесін көтерді. Себебі, мұның бәрі еліміздің ішкі су қорына жатады. Осыған байланысты, мемлекет басшысы жаңадан 20 бөген салуды, кем дегенде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін, 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керектігін қадап айтты.

Бұл бағытта Түркістан өңірінде жұмыс басталып кетті деуге болады. Соңғы бес жылда облыста біршама су нысандары жөнделіп, бірқатары жаңартылды. Былтыр жаңадан салынған екі су нысан құрылысы қолданысқа берілді. Кеңсай-Қосқорған деп аталатын су қоймасы 18 миллион текше метрді құрайды. Мұның нәтижесі 34 миллион текше метр ағын суды үнмедеуге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта тағы екі Бәйдібек ата мен Боралдай су қоймасын салғалы отырмыз. Аталған су қоймалары су тапшылығын азайтады деген сенімдеміз, - деді облыс басшысы.

Суды үнемдеу технологияларын енгізу үшін өңір диқандарымен бірге семинарлар өткізіліп жатыр, сонымен қатар суды аз қажет ететін дақылдарды егу жөнінде де мәселе көтерілген. Айталық, аймақтарда жүгері, маш дақылдарын егу қолға алынған. Түркістан облысын ағын сумен қамту жыл сайын күрделеніп келе жатыр. Әкімнің сөзінше, суды үнемдеу және осы саланың проблемалары тұрақты бақылауда болады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Отбасыбанктің» қызметіне де тоқтала кетті. Бұдан былай, назар тек облыс орталықтарына ғана емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға да аударылатыны дұрыс шешім деп санайды облыстың бірінші басшысы.

Осылайша Қасым-Жомарт Кемелұлы қызметтерді цифрландыру, ІТ саласын дамыту, «Отбасыбанктің» жұмысын жүйелеп, баспанамен қамту ісін жандандыра түсу жөнінде тапсырмалар берді. Қазіргі таңда Түркістан облысында 420 мыңнан аса тұрғын үй салуға арналған жер кезегінде тұр. Сонымен бірге 60 мыңға жуық тұрғын баспана кезегіне тіркелген, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Соңғы жылдары құрылыс саласында қарқынды жұмыстар көп. Бес жыл ішінде аталған салаға бағытталған инвестиция көлемі 1,0 триллион теңгені құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі жарым есеге өсіп, 351 миллиард теңгеге жетті. Яғни бес жыл көлемінде төрт мыңнан астам отбасы арендалық пәтерге қол жеткізді. Екі мыңнан аса жанұя жеке тұрғын үй қорынан баспанасын жалдау ақысының 50%-ын субсидиялау арқылы пәтерге қол жеткізді.

2023 жылдың 7 айында құрылыс жұмыстары үш есеге өсіп, 158,6 миллиард теңге болды. Сонымен қатар, жыл басынан 410,9 мың шаршы метр баспана берілді, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артты. Оның ішінде, бюджет есебінен 97,7 мың шаршы метр тұрғын үй (1 697 пәтер) пайдалануға берілді. Тұрғындарды баспанамен қамту жолындағы ізденістерді тоқтатпаймыз. Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға күш саламыз, - дейді облыс әкімі.

Жолдауда ауыл шаруашылығын дамыту, алда келе жатқан үш жылда ауылшаруашылығында өнімдерді өңдеуді көбейтуді қолға алу, жаңа тәжірибелерді енгізу, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру мәселесі де көтерілді. Сондай-ақ, азық-түлік пен жылыжай кәсібін де дамыту, ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту, аймақтарды сапалы жолмен, инфрақұрылыммен қамту жөніндегі тапсырмалар да өңірдің экономикасын көтеруге тікелей ықпал етеді.

Біздің алдымызда осы тапсырмаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ширату, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту, отандық өнім көлемін арттыру бағытында да тиісті жұмыстарды жалғастырамыз. Бұған Түркістан өңірінің әлеуеті жетеді, - деді облыс басшысы Дархан Сатыбалды.

Өзгелердің жаңалығы