Жол мамандарын дайындау мақсатында студенттер ақылы тәжірибеден өтуде

1 Маусым 2022, 17:35
1402
Бөлісу:
Жол мамандарын дайындау мақсатында студенттер ақылы тәжірибеден өтуде
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы жол активтері ұлттық орталығының өкілдері маман тапшылығын жою мақсатында студенттерді ақылы тәжірибеден өткізуде. Бұл шара жол сапасын бақылаумен айналысатын кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Сала мамандарының айтуынша, жол-көлік саласына маман даярлау – бүгінгі күннің өзекті проблемасы. Әсіресе, жол құрылысы науқанында білікті кадрларға деген сұраныс арта түседі. Мәселенің түйінін тарқату үшін жазғы мезгілде студенттер практикасы өткізіледі.

Жыл сайын осы кезеңде студенттерді ақылы тәжірибеге шақырады. Осылайша, жастарға қолдау көрсетеміз. Биыл бес студент тәжірибелерін молайтты. Олар алты айға дейінгі мерзімде білікті мамандарымызбен тәжірибе алмасады. Жұмыспен қамту орталығының тізіміндегі азаматтар да келуі мүмкін. Жастар орталық жанындағы заманауи зертханаларда жұмыс істеп, жол сапасын бақылау жұмыстарының технологияларын меңгереді, - дейді орталық директоры Талғат Қайратхан.

Жол мамандарын дайындау мақсатында студенттер ақылы тәжірибеден өтуде

Студенттерге төленетін ақы көлемі  80 мың теңгеге жетеді. Жол активтері ұлттық орталығының жанында құрылыс материалдарының сапасын тексеру бойынша 150-ден астам сынақ түрі жүргізіледі. Мәселен, асфальтбетон, цемент, минералды ұнтақ, битум, топырақ, құм, қиыршықтастың стандарттарға сәйкестігі анықталады. 

Биыл жазда облыс аумағында жергілікті маңыздағы 400 шақырымнан астам жол жөнделеді. Оның көлемі жыл сайын ұлғайып отыратындықтын, мамандарға деген сұраныс да арта түседі. Әдетте еңбек нарығында инженерлер, инженер-зертханашылар, жол сарапшылары, механизаторлар қажет. Жыл сайын еліміз бойынша бұл салаға төрт мыңға жуық маман керек.

Өзгелердің жаңалығы