Жол қиылысында билейтін қызды белгісіз біреу сабап кеткен 

17 Тамыз 2021, 18:35
7401
Бөлісу:
Жол қиылысында билейтін қызды белгісіз біреу сабап кеткен 
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы айда жол қиылысында билейтін қыз туралы әлеуметтік желіде біраз жазба жарияланған еді. Аида Өмірсерікова 16 тамызда өзімен болған келеңсіз жағдай туралы айтып берді.

Елордалық Аида Өмірсерікованың жасы 20-да. Ол қазір Польшада «халықаралық менеджментті» онлайн оқып жатыр.

Менің ақыл-есім дұрыс. Адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлағым келеді. Құлаққабымды тағып, билегенді жақсы көремін. Одан ешкімге зиян тиіп жатыр деп ойламаймын, - деді Аида Өмірсерікова.


Ол кеше өзімен болған жағдай туралы айтып берді.

Кеше мен Мәңгілік ел мен Керей және Жәнібек көшелері қиылысында су ішіп тұрған едім. Маған белгісіз бір адам келіп «Мына жерде не істеп тұрсың?» деп сұрады. Мен «тұруға болмай ма?» деп едім, ашуланып «болмайды» деп ұзын темір сымын алып шығып аяғымнан сабай бастады. Қатты 4-5 соққы жасаған соң, қашып кетті. Мен бетімді жауып үлгердім, - деді Аида.
Жол қиылысында билейтін қызды белгісіз біреу сабап кеткен 

Жәбірленуші осыдан кейін полицияға жүгініп, арыз жазған.

Бірден полицияға барып арыздандым. Себебі аяғым жарақаттанды. Бірақ күдіктіні әлі іздеп таппады. Оқиғаға куә болғандар оны алыстан суретке түсіріп үлгерген. Осылай әлеуметтік желі мен ақпарат құралдары арқылы оны тезірек табамыз деп ойлаймын. Жұртшылықтың көмегі керек. Көшеде жай жүрген адамды ұруға ешкімнің құқығы жоқ, - деді Өмірсерікова.
Жол қиылысында билейтін қызды белгісіз біреу сабап кеткен 

Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған осы жаңалықтың астында «сазайын алыпты» деген пікірлер жазылған. Осыған қатысты да Аида өз пікірін білдірді. 

Олар өз өмірлерін реттеп алсын. Менің биім мазаларын алып жатқан адамдар мен хиджаб киіп жүрсем де, кемшілік іздеп тауып алатындар қатарынан. Адамдар өз іштеріндегіні өзгеден көреді. Мен одан әрі де өзім қалаған өмірді сүре беремін. Менің ісімді қолдайтындарды тастап кетпеймін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы