- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Ақша қайтарылмайды»: Қазақстандықтар қандай жағдайда шарт талаптарын даулауға құқылы?
«Ақша қайтарылмайды»: Қазақстандықтар қандай жағдайда шарт талаптарын даулауға құқылы?
13 Қазан 2026, 15:26
Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту көзделіп отыр. Жаңа заң жобасында сатып алушылардың пайдасына айыппұл өндіріп алу, омбудсмен институтын енгізу және тауар сатып алу, жұмысқа тапсырыс беру мен қызмет алу кезінде құқықтарды қорғаудың бірыңғай стандартын қалыптастыру ұсынылған.
Ұсынылып отырған өзгерістер туралы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобын басқаратын Құрылтай депутаты Никита Шаталов айтып берді. Оның сөзінше, былтыр тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына байланысты 80 мыңнан астам өтініш түскен.
Ал сатушы немесе компания қол қойылған шартқа сілтеп, ақшаны қайтарудан бас тартса, қазір не істеуге болады? «Ақша қайтарылмайды» деген талап барлық жағдайда күшіне ие ме? Өзіңізге тиімсіз тармақты даулауға бола ма? Бұл сұрақтарға адвокат Айдар Советбеков BAQ.KZ-ке жауап берді.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада тұтынушыларды қорғаудың бірқатар тетігі бар.
Шартқа қол қойсаңыз, ақшаны қайтарып алу мүмкін емес пе?
«Ақша қайтарылмайды» деген талап жиһаз жасату, жөндеу, оқу және басқа да қызметтерге қатысты шарттарда кездеседі. Алайда клиенттің қол қоюы шарттағы кез келген талап автоматты түрде заңды болады дегенді білдірмейді.
Клиенттің заңсыз тармаққа қол қоюы оған заңдық күш бермейді, – деп түсіндірді Советбеков.
Адвокат «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң шартқа сатып алушының құқықтарына нұқсан келтіретін талаптарды енгізуге тыйым салатынын еске салды.
Бірақ бұл кез келген жағдайда ақша толық қайтарылуы керек деген сөз емес. Барлығы нақты жағдайға байланысты. Мәселен, тапсырыс беруші көрсетіле бастаған қызметтен өзі бас тартса, орындаушы нақты жұмсаған шығындарын өтеуді талап ете алады.
Асүй жиһазын жеткізуді төрт айға кешіктірген
Советбеков өз тәжірибесінен жиһаз жасатуға қатысты бір мысал келтірді.
Жиһаз фабрикасы асүй жиһазын жеткізуді төрт айға кешіктірген. Тапсырыс беруші алдын ала төлеген ақшасын қайтаруды талап еткенде, компания шартқа сілтеп, бас тартқан.
Шартта тапсырыс құнының алдын ала төленген 50 пайызы ешқандай жағдайда қайтарылмайтыны көрсетілген.
Біз шарттың осы тармағын жарамсыз деп танытып, алдын ала төленген ақшаны, тұрақсыздық айыбын толық көлемде және моральдық зиян үшін өтемақыны өндіріп алдық, – деді Советбеков.
Адвокаттың айтуынша, орындаушы белгіленген мерзімді бұзса, тұтынушы жазбаша наразылық жолдап, заңда көзделген талаптарды қоюға құқылы.
Қайтарылатын ақшаның, тұрақсыздық айыбының немесе басқа да төлемдердің нақты мөлшері даудың мән-жайына байланысты болады.
Онлайн курс сатып алып, кейін оқудан бас тартсаңыз
Осындай даулар онлайн мектептермен де туындайды.
Советбековтің айтуынша, кейбір білім беру платформалары шартта оқу материалдарына қолжетімділік ашылған сәттен бастап қызмет толық көрсетілді деп есептелетінін жазады.
Соның салдарынан адам бірнеше сабаққа қатысып, кейін курстан бас тартса да, оған қолжетімділік берілгендіктен, ақшасы қайтарылмайтыны айтылады.
Адвокат өз тәжірибесінде мұндай талаптарды даулауға және клиент іс жүзінде алмаған курс бөлігі үшін ақшаны қайтаруға қол жеткізгенін айтты.
Бұл ретте қайтарылатын соманың мөлшері көрсетілген қызмет көлеміне, орындаушының жұмсаған шығындарына және шартта жазылған талаптарға байланысты болады.
Жөндеу үшін қосымша ақы талап ете ала ма?
Тағы бір жиі кездесетін жағдай: шартқа қол қойылғаннан кейін мердігер жұмыс құнының өскенін айтып, қосымша ақы сұрайды.
Адвокат мұндай жағдайда көп нәрсе сметаға байланысты екенін түсіндірді.
Егер тараптар бастапқыда нақты бекітілген құнды келіскен болса, мердігер нарықтағы бағаның өсуін алға тартып, оны өз бетінше көтере алмайды.
Ал смета болжамды болып, жұмыс барысында шынымен қосымша жұмыстар қажет болса, орындаушы бұл туралы тапсырыс берушіге алдын ала хабарлауы керек.
Яғни жөндеу аяқталған кезде күтпеген жерден ұсынылған шот клиенттің оны міндетті түрде төлеуге тиіс екенін білдірмейді.
700 мың теңгелік қосымша қызметтер
Советбеков несиеге автокөлік сатып алуға қатысты тағы бір мысал келтірді.
Оның айтуынша, кейбір клиенттерге көлікпен бірге құны 500 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі жолда көмек көрсету қызметінің қосымша пакеттері рәсімделген. Бұл ретте сатып алушыларды мұндай қызметсіз банк несиені мақұлдамайды деп сендірген.
Адвокат осындай жағдайларда таңылған қызметтерді даулауға және ақшаны қайтаруға қол жеткізгенін айтты.
Ақшаны қайтармаса, не істеу керек?
Егер сатушы немесе орындаушы клиенттің талаптарын орындаудан бас тартса, ең алдымен жазбаша наразылық жолдау керек.
Мәміле жасалғанын және құқықтың бұзылғанын растайтын барлық дәлелді сақтау маңызды: шарт, хат алмасу, банк аударымдары, чектер, түбіртектер және басқа да құжаттар. Қағаз чектің болмауы сатып алғаныңызды дәлелдеу мүмкін емес дегенді білдірмейді.
Наразылықта ақшаның қашан және не үшін төленгенін, қандай құқық бұзушылық болғанын және тұтынушы нақты не талап ететінін көрсету қажет.
Құжатты қабылдап алғаны туралы белгі қойғызып, жеке тапсыруға, тапсырысты хатпен жіберуге немесе сатушының клиентпен байланыс үшін пайдаланған электрондық мекенжайына жолдауға болады.
Егер сатушы талаптармен келіспесе, 10 күнтізбелік күн ішінде бас тарту себептері негізделген жазбаша жауап беруге тиіс.
Жауап болмаса немесе талаптарды қанағаттандырудан бас тартылса, тұтынушы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіне алады. Бұл үшін e-Tutynushy және e-Otinish арқылы да өтініш беруге болады.
Дауды шешу мүмкін болмаса, сотқа жүгінуге тура келеді.
Жаңа заңмен нені өзгерткісі келеді?
Заң жобасындағы негізгі ұсыныстардың бірі – тұтынушының пайдасына қосымша айыппұл өндіріп алу.
Бұл кәсіпкер тұтынушының негізді талабын өз еркімен қанағаттандыруға мүмкіндігі бола тұра, одан бас тартып, сатып алушының сотқа жүгінуіне тура келген жағдайларға қатысты.
Басты жаңалық – айыппұл мемлекеттік бюджетке емес, тікелей тұтынушының пайдасына өндіріп алынады, – деп түсіндірді Советбеков.
Адвокаттың пікірінше, мұндай тетік бизнесті дауды созбалаңға салмай, сотқа жеткізбей шешуге ынталандыруы мүмкін.
Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын құру және тауар сатып алу, жұмыс орындату мен қызмет алу кезінде азаматтарды қорғаудың бірыңғай стандартын енгізу ұсынылған.
Әзірге бұл өзгерістер заң жобасы сатысында. Сондықтан олар қабылданғанға дейін тұтынушыларға шарттарды мұқият оқып, құжаттарды сақтап, мына жайтты есте ұстаған маңызды: қол қойылған тармақтың өзі заңға қайшы келсе, оны даулауға болады.
Бұған дейін Қазақстанда жұмыс істейтін жасөспірімдердің құқықтары қай жерде жиі бұзылатыны белгілі болды.
Ең оқылған:
- Тағы бір өңірдің азаматтарына 13 мың теңгеден төлем беріледі
- Жұмыссыздарға төлем енді қалай беріледі? Қазаннан бастап не өзгерді?
- 1,6 млрд теңгелік жоба жаңбырға шыдамады: Алматыдағы аялдамадан су ақты
- Қар жауып, көктайғақ болады: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
- 15 күндік жасырын камера: Пара алған кеденшілер мен шекарашылар жаппай қамауға алынды
Аида БАТУХАН