Қазақстанда жалақы қашан өседі? – Министр жауабын айтты

Келесі өсім 2028-2029 жылдарға жоспарланған.

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 13 Қазан 2026, 18:05
13 Қазан 2026, 18:05
115
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен брифингте мемлекеттік қызметшілердің жалақысы келесі жолы қашан көтерілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифингте журналистер азық-түлік, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер бағасының өсуін сөз етті. Олардың айтуынша, қазақстандықтардың табысы күнделікті өмір құнының өсуіне ілесе алмай отыр. Ал салық жүктемесі бизнестің қызметкерлер жалақысын көтеру мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты журналистер халықтың табысын арттыру және негізгі қажеттіліктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекет қандай шаралар қабылдайтынын сұрады.

Халық табысының құрылымына келсек, оның шамамен 65%-ы жалақыдан, тағы 24-25%-ы түрлі әлеуметтік трансферттерден тұрады. Оның ішінде негізгі үлес зейнетақыға тиесілі. Сондықтан жалақыны көтеру – халықтың табысын арттырудың маңызды тетігі. Сіздер жалақыны көтере алмай отырған бизнес туралы қайта-қайта айтып жүрсіздер. Мұның бәрі кәсіпорынның қай салада жұмыс істейтініне байланысты. Мәселен, биыл жалақының ең жоғары өсімі көлік және қоймалау саласында тіркелді – 28,8%. Қазір бұл салалар қарқынды дамып келеді, – деп жауап берді Серік Жұманғарин.

Ол 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығында жалақы 18,6%-ға, құрылыста 14,4%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 16,5%-ға өскенін атап өтті. Ал өнеркәсіп саласында орташа айлық жалақы 11,4%-ға артқан.

Сонымен қатар жалақы өсімі айтарлықтай төмен салалар да бар. Олардың қатарында білім беру, өнер, ақпарат және байланыс, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет салалары бар. Бұл бағыттарда жалақы өсімі шамамен 3-5%-ды құрайды. Олардың кейбірінде мемлекеттің рөлі басым. Біз мемлекеттік қызметшілердің жалақысын жақында ғана көтердік. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесіне сәйкес орташа жалақы 1,9 есе, ал жалақысы төмен мемлекеттік қызметшілер санатында 2,2 есе өсті, – деді министр.

Сондай-ақ ол 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақысы төмен мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы тағы 16%-ға көтерілгенін еске салды.

Бізде мемлекеттік қаржыны басқарудың белгілі бір әдістемесі мен тұжырымдамасы бар. Жалақыны келесі жолы шамамен үш жылда бір рет көтеру жоспарланған. Менің есімде, 2025 жылдан кейінгі келесі кезең – 2028-2029 жылдар. Сондықтан жалақының өсуі көбіне бизнес саласында жүріп жатқанын түсіну керек. Халықтың бір бөлігі мемлекетке қарасты салаларда жұмыс істейді, бұл бағыттарда еңбекақыны көтерудің белгілі бір жоспарлары бар. Бұдан бөлек, жекелеген мамандардың жалақысын кезең-кезеңімен көтеріп отырамыз. Мысалы, ветеринарлардың еңбекақысы өсті. Қазір Ұлттық экономика министрлігіне қарасты ұйымдарда да осындай мәселелерді қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, еңбекақы төлеуде айқын теңгерімсіздік байқалатын ұйымдарға назар аударып отырмыз, – деді Серік Жұманғарин.

Азық-түлік бағасының өсуіне қатысты министр қымбаттау қарқыны баяулағанын айтты. Оның сөзінше, қыркүйек айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы алғаш рет 0,1%-ға төмендеген. Оң динамика қазанның алғашқы аптасында да сақталған.

Тағы оқи отырыңыз: Үкімет: Қазақстанда жеке инвестициялар 18,2%-ға өсті 

Азық-түлік пен қызмет бағасы: Үкімет инфляцияға қатысты меже қойды 

Наверх