Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері Hyundai Sonata автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы тікелей эфир барысында жол қозғалысы ережелерін бұзғанын анықтады. Сондай-ақ олар бейәдеп сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Шымкент қаласының Полиция департаментінің мәліметінше, полицейлер автокөлікті жедел анықтап, құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Көлік жүргізушісі – 18 жастағы қала тұрғыны Абылайхан Баймағамбетов маневр жасау және көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзғаны және ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды. Ал жолаушы – 18 жастағы Санжар Алтынбекке қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік материалдар жинақталды.
Сот шешімімен Абылайхан Баймағамбетов 10 тәулікке, ал Санжар Алтынбек 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, - делінген қалалақы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Полиция кез келген заңсыз әрекет назардан тыс қалмайтынын, сондай-ақ әрбір құқық бұзушылыққа тиісті құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Еске салсақ, Петропавлда 22 жастағы қыз жүріп келе жатқан көліктен секіріп кетіп, басқа автомобильдің астына түсті. Әлеуметтік желіде қызды ұрып-соғып, жолға лақтырып жібергені туралы ақпарат тарады. Алайда полиция тексерісі оқиғаның мүлде басқа болғанын көрсетті.
Тағы оқи отырыңыз: Пойыздың өткенін күтпеді: Таразда BYD жүргізушісі өрескел заң бұзды
Әсерлі видео үшін жүріп бара жатқан көлік төбесіне шыққан: Түркістан облысында екі азамат жауапқа тартылды