Алматы қаласының Бостандық аудандық полиция қызметкерлері шетелдік туристерден заңсыз алынған ақшаны қайтарып берді.
Үндістанның екі азаматы халықаралық Алматы әуежайынан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін таксимен барғаннан кейін жүргізуші жолақы ретінде олардан 150 АҚШ долларын талап еткен. Сөйтіп туристер полицияға жүгінген. Тексеру барысында жүргізушінің жеке басы жедел анықталып, заңсыз алынған қаражат шетелдік азаматтарға толық көлемде қайтарылды.
Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар жиналып, заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотқа жолданады. Алматы қаласының полициясы жолаушыларды, оның ішінде қала қонақтарын алдап, заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң бағаланатынын ескертеді, - деп хабарлады Алматы қаласының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада тұрғындарды Чехияға жұмысқа тұрғызамын деп алдаған күдікті ұсталды.