Жоғарғы сот төрағасы мен судьясына қойылатын талаптар өзгереді

17 Ақпан 2021, 11:13
2171
Бөлісу:
Жоғарғы сот төрағасы мен судьясына қойылатын талаптар өзгереді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданды.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау және оны 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізу сот жүйесінің жұмысына түзетулер енгізуді талап еткен.

Қазіргі конституциялық заңда белгіленген қолданыстағы құрылымы әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің міндеттеріне толық көлемде жауап бермейді. Сондықтан заң жобасына екі блоктан тұратын түзету енгізілді. Біріншіден, Жоғарғы сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасын құру ұсынылады. Қазіргі мамандандырылған сот алқасы таратылатын болады. Облыстық соттарда да тиісті сот алқалары құрылады, - деді заң жобасы жайлы баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.

Оның айтуынша, сот жүйесіне өңірлерде істердің бөлінуіне байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. 

Бұл заң жобасында мемлекет басшысы тағайындауға ұсынатын Жоғарғы сот төрағасы және Жоғарғы сот судьялары лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізіледі. Аталған түзетулер елдің Жоғарғы сот органына құқықтың мамандандырылған салаларында көп тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға бағытталған. Бұл неғұрлым даулы істер бойынша сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бүкіл сот жүйесіне оң әсерін тигізеді,- дейді депутат.

Осы түзетулер тек Президент ұсынған кандидаттарға ғана қатысты.

Өзгелердің жаңалығы