Жоғары жалақы білім сапасын арттырса игі
10 Қыркүйек 2020, 09:01 1390

Жоғары жалақы білім сапасын арттырса игі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қашықтан оқытудың көптеген машақатына қарамастан, мұғалімдер жаңа оқу жылын белсенді бастады. Өйткені, қыркүйектен бастап, жалақыға қосымша ақы қосылатыны, қаңтарда тағы 25 пайызға артатыны – қазіргі білім беру үдерісіндегі туындап жатқан қолайсыздықтарға қарамай, қиындықты еңсеруге ынталандырып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Тамыз конференциясында алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе өсетінін айтқан болатын. Сол уәденің орындалатын уақыты да келіп жетті. Елімізде мұғалімдердің 500 мыңға жуық екенін ескерсек, мемлекеттің аталған бастамасы талай отбасының табысын арттырары сөзсіз. 

Одан бөлек, білім беру саласында қызмет етіп жүрген, магистр дәрежесі бар мамандардың жалақысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде үстеме қосылады. Биылғы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 2 651 теңге болып бекітілген, яғни бұл дегеніңіз шамамен 26 мыңнан астам теңге болмақ. 

Жамбыл облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айынан бастап Президенттің тапсырмасымен өңір мектептеріндегі 11 580 мұғалімнің сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақысы екі есе өсіп отыр. Ал колледждердегі 582 мұғалімнің сынып жетекшілігі және 116 мұғалімнің дәптерлерді тексергені үшін де осындай көтермеақы қарастырылған. 

Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов магистр атағы бар ұстаздар саны бойынша біз басқа мемлекеттермен салыстырғанда өкінішке орай соңғы қатарда келе жатқанымызды айтып, мәселе көтерген болатын. Сондықтан осы олқылықты жою үшін магистр атағы бар педагог мектепке келіп жұмыс істейтін болса, оларға 27 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы төлеу міндеттелген еді. Бұл бастама нәтижесіз емес. Жамбылда биыл 1 қаңтардан бастап 424 мұғалімге магистрлік дәрежесі үшін 27 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы төленуде, - дейді басқарма басшысы Гүлнар Ходжабергенова. 

Елдегі әлеуметтік ахуал жақсарса да, қиындықтар туындаса да, бәрін өткен күнмен салыстыратынымыз бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау кезеңінде кешігіп келсе де, айлық алатындар тек мұғалімдер болатын. Содан бері олардың табысы аз-аздап үстемелене түссе, соңғы жылдарда едәуір көлемде арта бастады. 

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, мұғалімдердің жалақысы 10 жыл бұрын 49 216 мың теңге болған екен. Былтыр бұл көрсеткіш 122 111 теңгені құраған. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» аты Жолдауында ұстаздардың жалақысы келер жылы тағы 25 пайызға артатынын жеткізді. Әулиеата өңірінде 43 672 педагогтің (мектеп, колледж, қосымша білім беру және балабақша) лауазымдық жалақысы тағы да 25 пайызға артады. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да өсе түспек. Осылайша, Жолдау жүктеген міндеттер алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. 

Алайда, табысының артатынына көзі жеткен соң «жалақым да жүре береді әрі сәбиім де қасымда» деп мерзімінен бұрын қайта жұмысқа сұранған бала күтіміндегі демалысқа шыққан мамандар да көбейіпті. 

«Сананы тұрмыс билейді» деген осы шығар. Мейлі ғой, табысы артып, тұрғындардың тұрмыс жағдай жақсарғаны жақсы. Бір жағынан нәрестесіне алаңдап, екінші жағынан бірде кедергісіз қосылатын, бірде тоқтап қалатын интернет байланысының әуресі тағы қосылса, не болар екен?! Компьютер мен ұялы телефонға телміріп отырып, бірін түсінсе, бірін ұғына алмай жатқан оқушылардың білім сапасы төмендеп кетпей ме?! Құқықтық тұрғыдан келгенде, бұл әр кадрдың еркіндегі шаруа. Бірақ онсыз да сиқы қашқан онлайн сабақтың қай қадірі қалады?, - дейді тараздық көп балалы ана Меруерт Аманова.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтің сөзінше, жалақы мөлшерін жасақтаудың негізі болып табылатын – іргелік лауазымдық жалақы мөлшері соңғы бірнеше жыл бойында инфляция, девальвация және өзге де өмір сүрудің қымбаттау факторларына қарамастан өзгеріссіз қалып отыр. 

Мұғалімдер тиісті білім мен біліктілігін алған соң жоғары сұранысқа ие болатын деңгейге жетіп, лайықты жалақы алуы тиіс деп есептеймін. Себебі, еліміздің әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінуі бәсекеге қабілетті білім беруден басталады. Биылғы оқу жылынан бастап тәлімгерлік жасаған ұстаздарға 1 БЛЖ көлемінде қосымша ақы төлене бастайды. Сонымен бірге дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілігі үшін ұстаздарға төленетін қосымша төлемақылардың да мөлшері 2 есеге өсіп отыр, - дейді төраға. 

Жалақы өскенімен, мұғалімдер дер кезінде сол табысына қол жеткізе алмай жататын кездер де жоқ емес. Мәселен, осы бірінші жарты жылдықтың өзінде кәсіподақ көшбасшылары мен құқық мамандары тікелей араласып, сала қызметкерлеріне 178 747 263 теңге өндіріп беріпті. Бұл мұғалімге дұрыс төленбеген жалақы, заңсыз ұстап қалулар, жұмыстан заңсыз шеттету, орташа айлық жалақыны есептеуде жоғарылату коэффициентін қолданбау, мұғалімдік санаттар үшін, іс-сапар шығындары, денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы деген сияқты бірнеше түрлі төлемдерді дұрыс есептемеудің салдары екен. Содан кейін кәсіподақ мүшелеріне ұйымның өзі тікелей араласып, ұстаздарға тиесілі табысын қайтарып берген көрінеді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...