"Жиырма теңге". Қырғыз қыз. Теміржол

30 Қаңтар 2020, 19:45
2698
Бөлісу:
"Жиырма теңге". Қырғыз қыз. Теміржол
PHOTO

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдық ерікті, Тараз станциясының операторы, жас теміржолшы Мээрім Кочорбаеваның "Жиырма теңге" жобасы "Қазақстан Теміржолы" ҰК" АҚ басшылығы тарапынан қолдау табуда. Әлеуметтік бағыттағы айрықша жоба жайында автордың өзінен сұрап тілдескен едік. Отыз жастағы қырғыз аруы өзге де ойларымен бөлісті.

Мээрім Қаныбекқызы, сіздің "Жиырма теңге" деген жобаңыз туралы білгіміз келеді. Теміржолдың бойында жүріп, мұндай идеяға қалай тап болдыңыз?

- Иә, "Жиырма теңге" жобасын осыдан 2-3 жыл бұрын бастаған болатынмын. 2015 жылдың қарашасында теміржол саласына қызметке келдім. Бұл көп салалы компания болғандықтан, жұмыс барысын оңай деуге келмейді. Өте күрделі, зор жауапкершілікті талап етеді. Жұмысты алып кетуге үлкен күш-жігер қажет. Маған мамандығым сонысымен ұнайды, сонысымен қызық. "Қазақстан Теміржолының" жастарға беріп жатқан мүмкіндіктері мол. Әсіресе, отыз бес жасқа дейін өзіңді көрсетуге, қабілетіңді ашуға барлық жағдайлар жасалған. Жан-жақты ойлауға, дүниетанымымызды кеңейтуге, шығармашылық тұрғыдан ілгерілеуімізге мүмкіндік беретін іс-шара көптеп өтеді. Мәселен, мен жас маман болғандығымнан өзімнің жұмысымды практикалық жағынан жетік білмейтіндігім рас. Десе де, бір жоба ұсынуды
өзіме мақсат етіп қойып, көп ойландым. Компанияның дамуына өзімнің тамшыдай болса да, үлесімді қосқым келді. Осы жолда біршама ізденгенімді де айтқаным жөн. Ақыры, теміржолшылардың өзара қарым-қатынасын арттыратын, ізгі ниетін танытатын әлеуметтік жобаны ойлап таптым.

WhatsApp Image 2020-01-22 at 20.18.29.jpeg

- Демек, қазіргі "Жиырма теңге" сол уақыттан бері әбден жетілген жоба болды ғой?..

- Иә, солай десе де болады. Ол кезде Жамбыл электр жабдықтау дистанциясында электромонтер болып жұмыс істейтінмін. Сонда мүгедек баласы бар бір отбасын білетінмін. Ата-анасының бар тапқан-таянғаны сол жеткіншектің еміне, дәрі-дәрмегіне жұмсалады. Сол отбасын көрген сайын жүрегім ауыратын, көмектескім келетін. Сосын неге біз осындай әріптестерімізге тұрақты көмек қолын соза алмаймыз деген ой келді. Осындай ойдың жетегінде жүріп, әлгі жобам дүниеге келді. Жоба бойынша, әрбір ерікті теміржолшы ай сайын ортақ шотқа небәрі жиырма теңгеден аударып отыруы тиіс. Ал біздің компанияда мыңдаған қызметкер бар. Мен жиналатын ақшаның есебін жасап, жүйесін құрып,
заңдық жағынан дұрыс-бұрыстығын зерделеп, ұсындым. Шамамен, компанияда 150 мың қызметкер бар екен, олардың әрқайсысы 20 теңгеден салғанда, ай сайын 2-3 миллион теңгенің төңірегінде қаражат жиналады екен. Ал бұл қаншама отбасының қажетіне жарап, зәрулігінің орнын толтырар еді. Тіпті, шет мемлекеттерде емделуіне де мүмкіндік туғызар едік. Менің бұл жобам қазіргі таңда қолдау тауып жатыр. "Жиырма теңге" жобам компанияның үздік жобалар тізіміне енді.

WhatsApp Image 2020-01-22 at 20.18.23 (2).jpeg

- Өзіңіз жас маман болсаңыз, оның үстіне, алғашқы жобаңыз болса, оның үздіктер қатарынан табылатынына сендіңіз бе?

- Шынымды айтсам, мен бұл жобамның қолдау табатынына сенген жоқпын. Өйткені, сіз айтқандай, ол кезде жұмысқа кеше ғана келген жас маман едім. Әлі тәжірибем де толыспаған. Десе де бір ішкі сенімімнің болғанын жасырмаймын. Жиырма теңге деген кәсіподақ жарнасына, зейнетақы қорына, табыс салығына бөлінетін қаражаттардан әлдеқайда аз.
Оның үстіне, "Жиырма теңге" жобасы бес мың жоба қатысатын бірінші этаптан өтіп, үш мың жобалық екінші этаптан да қара үзіп шықты. Үш жүз жоба қатысқан үшінші этаптан да өтіп, үздік деп танылған 50-60 жобамен бірге Нұр-Сұлтан қаласына жол тартты. Соңғы сыннан да сүрінбей өтіп, үшінші орынды иелендім. Бұл менің сенімімді күшейтіп, серпін берді. Сол тұста бір теміржолшының мүгедек ұлын шетелде емдетуге қаржы тапшы болып жатқан еді. Менің жобамның қолдау табуына бұл оқиға да себеп болды деп ойлаймын.

WhatsApp Image 2020-01-22 at 20.18.26 (1).jpeg

- "Жиырма теңге" әлі де жетілдіруді қажет ете ме, әлде дайын күйінде қолдау күтіп отыр ма?

- Енді мен осы жобамның мобильдік қосымшасы болғанын қалаймын. Оған жиырма теңгесін қосқан әрбір теміржолшы өзі үлес қосқан қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын ашық түрде көріп отырса деген тілегім бар.

WhatsApp Image 2020-01-22 at 20.18.21 (1).jpeg

- Мээрім Қаныбекқызы, енді жамбылдық ерікті теміржолшы жастардың атқарған шаруалары жайында айтып берсеңіз...

- Өте жақсы, теміржол жастарының өткен жылы атқарған іргелі шаруаларының бірегейі Арыс қаласында болған төтенше оқиға барысында көрсеткен жәрдемі дер едім. Оған саладағы замандастырымның барлығы дерлік атсалысып, зардап шеккен қаладағы отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындадық. Бұл жерде тек теміржолшылардың отбасын таңдап алған жоқпыз, Арыс қаласындағы барлық шаңырақтағы жеткіншектерді мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтыдық. Бұл науқанға компания өз атынан бөлек көмек қолын созғанын да айта кеткеніміз жөн.

Теміржол саласының ерікті жастарының тағы бір дәстүрге айналған игілікті ісі – біз жыл сайын Халықаралық балаларды қорғау күні бір күнімізді әріптестеріміздің балаларына арнаймыз. Таңғы 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жеткіншектердің барлық тілегін орындауға тырысамыз: ойын-сауық орталықтарына алып барамыз, таудың етегіне шығамыз, тәттілер алып береміз... Бұл шараға мекеме басшылығы да, бастауыш кәсіподақ ұйымы да атсалысады.

Осы күні бір тобымыз Тараз қаласында орналасқан балалар үйіне барып, 14-15 жеткіншекті киіндіреді, бөлмелеріне қажетті дүниелерді алып береді, өзге қалаларға қыдыртады. Бұдан бөлек, аналар үйіне барып, жас аналарға сыйлықтар жасаймыз. Сонымен қатар, жас еріктілер теміржол саласының ардагерлерінің үйлеріне барып, оларға сый-сияпат жасайды. Қариялардың өнегелі өмір жолдарынан естеліктер тыңдаймыз, әңгімелеріне құлақ түреміз. Қажет болса, үй шаруаларына көмектесеміз.

WhatsApp Image 2020-01-22 at 20.18.26.jpeg

- Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен "Еріктілер жылы" болып жарияланды. Осыған орай жоспарларыңыз да бар шығар?..

- Әрине, алдағы уақыттарда ерікті жастардың атсалысуымен жәрмеңке ұйымдастырғымыз келеді. Өйткені, біздің арамызда өнерлі жастар да жеткілікті. Сауда-саттықтан, мәдени шаралардан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсасақ дейміз. Бұл шаруаны бізге үнемі қаржылай, моральдық қолдау-көмек көрсететін кәсіподақ ұйымымен ақылдасатын боламыз. Өзге де жоспарларымыз жетерлік, оларды уақытында жариялайтын боламыз.

WhatsApp Image 2020-01-22 at 20.18.25.jpeg

- Теміржол жастарының атқарған жұмыстары көңілден шығады, қуантады. Ал компанияның сол жастарға деген қолдауы қай деңгейде?

- Біз, ерікті жас теміржолшылар қандай істі қолға алсақ та, басшылық әркез қолдап, марапаттап, қаржылай да демеп отырады. Осы орайда "Қазақстан Теміржолының" қысқы мезгілде ұйымдастыратын жастар форумын тілге тиек еткен жөн білемін. Мұнда жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жол ашылады. Өнертапқыш замандастарымыз өздерінің
жобаларын ұсынып, сарапқа салады. Жыл бойы жұмысында белсенділік танытқандар марапатталады. Тіпті, біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, көрген-баққандарымызды ортаға саламыз. Әріптестеріміздің пікірлерін тыңдап, ойларымызды білдіреміз.

WhatsApp Image 2020-01-22 at 20.18.21.jpeg

Бұдан бөлек, компания жыл сайын белсенді жастардың бір тобын Назарбаев университетіне 4-5 күндік оқуға жіберіп, квалификацияларын көтереді. Олар осы уақыт аралығында көп нәрсені үйреніп үлгеретініне сенімім мол. Мұның өзі бізді ынталандырып, жұмысымызға серпін сыйлайды.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы