Түркия мен Өзбекстан ауа сапасын жақсарту үшін түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Түркия порттардағы зиянды шығарындыларды азайту мақсатында электр қуатымен жүретін буксирлер мен паромдарды енгізуді көздесе, Өзбекстан жылыту жүйелері, көлік және өнеркәсіп орындарынан тарайтын ластаушы заттарды қысқартуға басымдық беруде. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Ташкенттегі PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деңгейден алты есе жоғары. Қаладағы ластанудың негізгі көздері – жылыту жүйелері (28%), көлік (16%) және өнеркәсіп (13%).
Осыған байланысты Өзбекстанда 2026-2030 жылдарға арналған «Таза ауа» ұлттық бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында онжылдықтың соңына дейін зиянды шығарындыларды 10,5%-ға, көліктен тарайтын қалдықтарды 10%-ға қысқарту жоспарланған. Қазір 600-ге жуық кәсіпорында ауаға тарайтын зиянды заттарды бақылау жабдықтары орнатылған. Сонымен қатар ірі қалалардағы ауа сапасын алдын ала болжау жүйесі әзірленіп жатыр.