Солтүстік Корея билігі Binance криптовалюта биржасына жасалған, 6,3 миллиард доллар шығын келтірген хакерлік шабуылға қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарды. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның әпкесі, жоғары лауазымды шенеунік Ким Е Чжон АҚШ-тың бұл айыптауларын Пхеньянның халықаралық беделіне нұқсан келтіруге бағытталған әрекет деп атады. Оның айтуынша, Вашингтон әлемдегі киберқылмыстарға Солтүстік Кореяны негізсіз байланыстырып отыр.
Ал АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы (ФБР) мен киберқауіпсіздік мамандары шабуылға Солтүстік Кореямен байланысы бар Lazarus Group хакерлік тобының қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Аталған топ бұған дейін 2025 жылы Bybit криптобиржасына жасалған 1,5 миллиард долларлық шабуылға да күдікке ілінген.
Binance өкілдерінің мәліметінше, компания шабуылдан келген шығынды толық өтеуге міндеттеме алған. Қазіргі уақытта ұрланған активтердің шамамен 95 пайызы қайтарылған. Сондай-ақ биржадан қаражат шығару көлемі тұрақталып, сауда операциялары қайта жанданған.
Ал Солтүстік Корея кибершабуылдарға қатысы бар деген айыптауларды бұрын да бірнеше рет теріске шығарған.