11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің өсуі 4,4% құрады – ҰЭМ

13 Желтоқсан 2019, 09:12
2772
Бөлісу:
11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің өсуі 4,4% құрады – ҰЭМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдің 2019 жылғы қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндамасында айтты.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері экономиканың өсуі байқалуда. Ал 11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің өсуі 4,4%-ды құраған. 

Экономиканың өсуіне әсер еткен факторлар: базалық салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың артуы, көрсетілетін қызметтер секторының дамуы және инвестициялық жобаларды іске асыру. ЖІӨ-нің өсуіне ең үлкен үлесті, яғни 3,8% тармақ деңгейінде шикізаттық емес сектор қосты. Мұнда өңдеу өнеркәсібі, көрсетілетін қызметтер секторы және құрылыс саласы негізгі рөл атқарды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,3%-ға дейін артты, қараша айында жылдық инфляция 5,4%-ды құрады, халық табыстары қаңтар-қазан айларында 5,7%-ға өсті, - деді Руслан Дәленов. 

Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, өңірлердің басым бөлігі негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін көрсетіп отыр. 

Өнеркәсіп саласы бойынша 15 өңірде оң өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы бойынша Қостанай облысынан басқа барлық өңірде өсім бар. Сонымен қатар, 5 өңірде азық-түлік тауарлары бағасының жоғарлауы байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл әлеуметтік азық-түлік бағалары 12%-ға жуық өсті. Ең көп қымбатшылық Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай және Жезқазған қалаларында байқалады. 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер оң тренд көрсетіп отыр, - деді министр. 

Руслан Дәленовтің сөзінше, орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі мәселелерге баса назар аударуы қажет: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ерекше бақылауға алу, инвестициялық жобалар пулын іске асыру, шағын және орта бизесті жандандыру үшін жаңа мүмкіндіктерді пайдалану.

Өзгелердің жаңалығы