ЖІӨ 9 трлн теңгеге өскенімен, бюджетке 336 млрд теңге түспей қалды – Смайылов

Жоғары аудиторлық палата кірістердің шектен тыс оптимистік жоспарланғанын айтып, бюджет тапшылығын қысқарту жоспарының орындалуына күмән келтірді.

Бүгiн 2026, 11:25
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 11:25
Бүгiн 2026, 11:25
187
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жалпы ішкі өнім көлемі жоспардан 9 трлн теңгеге артық қалыптасқанымен, республикалық бюджет кірістері толық орындалмаған. Бұл туралы Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті таныстырған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, экономикадағы өсімге қарамастан, бюджетке жоспарланған көлемнен 335,6 млрд теңге аз қаражат түскен.

Смайылов мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі ретінде бюджетті жоспарлау кезіндегі кемшіліктерді атады.

Бұл жағдай жоспарлаудағы кемшіліктер мен салықтық түсімдерді шамадан тыс оптимизммен болжаудың салдарынан орын алып отыр, – деді ол.

Жоғары аудиторлық палата бұған дейін де кірістерді болжау кезінде қолданыстағы әдістеменің толық сақталмайтынын бірнеше рет көтерген. Аудиторлардың бағалауынша, жоспарлау барысында асыра көрсетілген параметрлер пайдаланылып, әдістемеде қарастырылмаған қосымша кірістер есепке алынған.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кірістерді асыра жоспарлау алдағы кезеңдердегі салық базасының азаюына алып келеді.

Біздің бағалауымыз бойынша, 2026 жылға тиесілі 154 млрд теңге көлеміндегі төлемдер 2025 жылы алдын ала тартылған, – деді ол.

Сонымен қатар шамамен 900 млрд теңге көлеміндегі қосылған құн салығының қайтарылмағанын айтты.

Жоғары аудиторлық палата төрағасының мәліметінше, мұндай шаралар бюджет кірістері мен шығыстары арасындағы теңгерімді қамтамасыз ете алмаған.

2025 жылдың қорытындысында 244 млрд теңге көлеміндегі жоспарланған қаржы бөлінбей қалған. Сонымен қатар едәуір көлемде кредиторлық берешек қалыптасқан. Бюджет тапшылығы мәселесінің әлі де өткір, - деді ол Мәжілісте.

Оның айтуынша, Үкімет тапшылықты қысқарту бойынша бірқатар жоспар қабылдағанымен, Жоғары аудиторлық палата олардың орындалуына күмәнмен қарайды.

Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, бұл жоспарлардың орта мерзімді перспективада толық іске асырылу ықтималдығы төмен, – деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев бюджетке 336 млрд теңге неге түспей қалғанының негізгі себептерін түсіндірді.

Ал 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті таныстырған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет игерілгенімен, нәтиже жоқ екенін айтып, аудит қорытындысын жариялады.

Наверх