2025 жылы республикалық бюджеттің кірістері 21,4 трлн теңгені құрап, жоспар 99 пайызға орындалды. Алайда бюджетке жоспарланған көлемнен 335,6 млрд теңге аз қаражат түскен. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттің меншікті кірістері трансферттерді есептемегенде 15,3 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 17,5 пайызға өскен.
Соған қарамастан бірнеше сыртқы фактор бюджет жоспарының толық орындалуына кедергі келтірген.
Бюджетке неге 336 млрд теңге жетпеді?
Мәди Такиевтің сөзінше, ең алдымен мұнай бағасының төмендеуі әсер еткен.
Жыл қорытындысы бойынша мұнайдың орташа бағасы болжанған 75 доллардың орнына 69 доллар болған. Сонымен қатар экспорт көлемі 1,7 млрд АҚШ долларына қысқарған, - деді министр.
Бұған қоса геосаяси ахуалдың әсерінен елдегі 134 ірі кәсіпорыннан түсетін салық көлемі 709 млрд теңгеге немесе 36 пайызға азайған.
Салық түсімдері 2,2 трлн теңгеге артқан
Қаржы министрлігі жоспар толық орындалмағанымен, өткен жылмен салыстырғанда оң үрдістер сақталғанын атап өтті.
Мәселен, республикалық бюджеттің меншікті кірістері бір жылда 1,8 трлн теңгеге көбейген. Өсу қарқыны 113,2 пайызды құрады. Салықтық түсімдер де айтарлықтай өсіп, 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5 пайызға артқан, - деп айтты Мәди Такиев.
Бұл өсім экономикалық белсенділіктің артуы, импорт көлемінің ұлғаюы және салықтық әкімшілендірудің тиімділігінің жақсаруы есебінен қамтамасыз етілген.
Министрдің мәліметінше, корпоративтік табыс салығынан түскен кіріс бір жылда 880 млрд теңгеге немесе 24 пайызға өскен.
Ал қосылған құн салығы бойынша түсімдер 932,5 млрд теңгеге артып, өсім 18 пайызды құраған.
Бұл көрсеткіштер экономиканың негізгі секторларындағы белсенділіктің сақталғанын көрсетеді.
Бюджетке қосымша 388 млрд теңге өндірілді
Салықтық бақылау тиімділігі де артқан.
Мәселен, камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке қосымша 388 млрд теңге өндірілген. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Өткен жылы осы бағыт арқылы бюджетке 262 млрд теңге түскен болатын.
Мемлекет кәсіпкерлер алдындағы міндеттемелерін де орындауды жалғастырған.
2025 жылы бизнестің қосылған құн салығын қайтару үшін бюджеттен 1 трлн 354 млрд теңге төленген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 138 млрд теңгеге көп.
Қаржы министрлігінің бағалауынша, сыртқы факторлардың әсерінен жоспар толық орындалмағанымен, кіріс базасының өсуі экономиканың тұрақты дамып жатқанын көрсетеді.
Осыған байланысты алдағы кезеңде негізгі назар мұнайға тәуелді емес кіріс көздерін ұлғайтуға, салықтық әкімшілендіру сапасын арттыруға және тиімсіз салықтық жеңілдіктерді қысқартуға аударылмақ.
Еске салсақ, Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті таныстырған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет игерілгенімен, нәтиже жоқ екенін айтып, аудит қорытындысын жариялады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы өсті: Орташа жалақы 442 мың теңгеге жетті