Жиналған егінді сақтау қоймалары жеткілікті - министр

25 Тамыз 2020, 11:11
1468
Бөлісу:
Жиналған егінді сақтау қоймалары жеткілікті - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров онлайн өткен Үкімет отырысында жиналған егінді сақтауға толық дайын екендіктерін айтты.

Республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы 27,5 млн тоннаны құрайды. Оның 12 млн тоннасы астық қабылдау кәсіпорындарына, 15,5 млн тонна – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бағытталған. Сақтау қуаттылығының көлемі биылғы өнімді сақтау үшін жеткілікті. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауылшаруашылық өнімдерін форвардты түрде сатып алуды жүзеге асырды. Соның арқасында мемлекеттік резервке 517 мың тонна астық жеткізуге келісім жасалды, - дейді Сапархан Омаров.
Оның айтуынша, азық-түлік келісімшарт корпорациясының қоры 456,4 мың тоннаны құрайды. Қажет болған жағдайда резервтер ішкі нарықты тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Биылғы жылдың экспорттық стратегиясы өткен жылдан өзгешеленбейді және дәстүрлі нарықтарда (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Иран) басым позицияларды сақтауға бағытталатын болады. 2020/2021 маркетингтік жылға арналған экспорттық әлеует ұнды есептегенде шамамен 7,5-8 млн тоннаны құрайды. Сонымен қатар, әкімдіктер элеваторлардың биылғы егінді қабылдауға дайындығына мониторинг жүргізіп, карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін деген жағдайды ескеруі тиіс. Астықты алқаптардан элеваторларға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Қазіргі уақытта бірінші кезектегі міндет – егінді шығынсыз жинау. Қазгидрометтің болжамы бойынша, қыркүйек айында республиканың солтүстік-шығыс бөлігінде жауын-шашын болады деп болжануда, - деді министр.
Осыған байланысты шаруаларға қолайлы күндерді барынша пайдаланып, егін жинау техникасының екі ауысымдық жұмысын ұйымдастырып, мүмкіндігінше егінді жинауды тоқтатпау ұсынылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі биылғы егін жинау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы