Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жигули Дайрабаев жайылымдық жерлерге кіре алмай жүрген шаруалардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жайылым туралы заң соңғы 2-3 жылда талқыланып жүр. Жайылым керек. Бұл заңды жылдам қабылдау керек. Уақытты созбау керек, - деп айтты депутат.
Жигули Дайрабаев заңға өзгерісті жылдам енгізіп, оны іске асыру керегін айтты.
20-30 жылда ауылдың төңірегінен жерді алып-алып, қожалық құрды, тағы басқа жұмыс істеп, сөйтіп ол жерлерде материалдық шығын жасады. Үй салды, жол салды, су шығарды, тал екті, қоражай салды. Сөйтіп шыққан материалдық шығынның бәрін «жергілікті атқарушы билік төлеп беруі керек» дейді. Жергілікті атқарушы биліктің өзі дотацияда отырса, ол ақшаны қайдан төлейді? Мұндай фактілер бар. Осыған көңіл бөлу керек. Бұл заңның орындалмауының бір себебі, - деп айтты ол.
Сонымен қатар Дайрабаев орман шаруашылығы мәселесін де көтерді.
Баяғы 90-жылдары жердің барлығы орман шаруашылығына өтіп кеткен. Кезінде барлығы «өрт болады, су болады» деп жауапкершіліктен қашып, орман шаруашылығына өткізіп жіберді. Қазір ол жерлерге шаруалар кіре алмайды. Нормалар бар. Соның бәрін жою керек. Меніңше, сол жердің бәрін жергілікті атқарушы органдарға беру қажет, - дейді мәжілісмен.
Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылаған болатын.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбай жалпы отырыста заңды талқылау кезінде жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер енді жайылымды жерлерді ығай-сығайларға бере алмайтынын айтқан еді.