Жигули Дайрабаев өз есіміне қатысты түсініктеме берді

5 Қазан 2022, 14:20
1825
Бөлісу:
Жигули Дайрабаев өз есіміне қатысты түсініктеме берді

Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жигули Дайрабаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ел президенттігіне үміткер әлеуметтік желіде өзінің «Жигули» деген атын сөз қылған қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанға жауап берді.

Мұхтар Тайжанмен былтыр республикалық жерді реформалауға қатысты комиссия отырысы болғанда кездескенбіз. Комиссия төрағасы сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов болды. Комиссия төрағасының бірінші орынбасары экс-министр (АШМ – ред.) Сапархан Омаров болса, екінші орынбасар қылып мені сайлады. Тайжан екеуміз бәсекеге түстік. Басым дауыспен мен жеңдім, маған сенім артты. Осылайша, отандық жер реформалары туралы комиссия төрағасы орынбасары болдым. Ол азаматқа не айтайын? Мұхтармен өмірде таныспыз. Бірақ көзқарасымыз қауыша бермейді. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын. Оның да лақап аттары көп қой. Оны айтқым да келмейді, керегі не? Ол туралы ешқашан әлеуметтік желіге жамандап ештеңе жазған емеспін. Әркім өзінің жөнін білсін. «Бір елі ауызға екі елі қақпақ» керек. Тым болмаса, жасымды сыйласын, - деді Жигули Дайрабаев.

Айтуынша, баласына мұндай ерекше есімді әкесі қойған.

Атымды әкем марқұм «Жигули тауындай болсын» деп ырымдап таудың атын қойған. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Осы таудай биік болсын деп ырымдапты. Әкемнің қойған атына сай қызмет еттім деп ойлаймын. Атымнан еш ұялмаймын. Қайта мақтан тұтамын! Әр азаматтың басында – бір қиял. Президенттікке түсіп жатқаныма іштаршылығы, қызғанышы болса, партиясын құрсын да, қатыссын. Мәселе жалғыз Мұхтар Тайжанда емес қой. Қазақи мәдениет, үлкенге – құрмет, кішіге – ізетті білсек екен. Демократия дей бермей, қанмен біткен адамгершілік пен мәдениетті сақтап өмір сүрейік, - деді «Ауыл» партиясының өкілі.

Айта кетерлігі, Жигули таулары - Еділдің оң жағалауындағы Еділ жотасының бөлігі.

Еске сала кетейік, мерзімінен бұрын өткелі отырған сайлауға ең алғашқы болып өз кандидаттығын Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясының атынан ұсынған болатын.

Өзгелердің жаңалығы