Жезқазғанды газдандыру жалғасып жатыр

24 Мамыр 2023, 08:25
569
Бөлісу:
Жезқазғанды газдандыру жалғасып жатыр
Фото: 24.kz

Жезқазғанда алдағы айда 1 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көре бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы 24.kz жазды.

Қаланы газдандыру жобасының екінші кезеңі аясында Бекболат сай және Қостанкелді шағын аудандарына газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды. Қазір нысанды қолданысқа беру үшін тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр. Жезқазғанды газбен қамту жұмыстары қаланың шеткері аудандарынан басталған. Былтыр Талап ауылы, Қабанбай және Бөгенбай шағынаудандары көгілдір отынмен қамтылды. Бекболат сай және Қостанкелді елдімекендеріне құбыр тарту жұмыстары жарты жылға жалғасты. 2,7 млрд теңгеге 43 шақырым магистралдық және орамішілік құбыр жүргізілді. 

Құбырларды күтіп ұстайтын «КазТрансГазАймақ» АҚ Жезқазған филиалына беру жұмыстары жүргізілуде. Олар жұмыстың толық аяқталу барысын тексеріп, белгілі бір ақауларды жою бойынша хат жолдады. Мердігер тарапынан ол ақаулар жойылуда. Енді осы маусым айында пайдалануға берілетін болады бұл нысан, – деді қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Аслан Арынов.

Иван Кучерявый Жезқазғанның байырғы тұрғыны. «Арқаның алты ай қысында көмір жағып, күл шығарудан құтылдым» дейді. Зейнеткер алғашқылардың бірі болып көгілдір отынды үйіне кіргізіп алған. Дегенмен, іргедегі отынды ішке жеткізу де арзанға соқпағанын айтады. 

Бәріміз газдың келгенін асыға күтіп отырмыз. Әрине үйге тарту шығыны зейнеткерлер үшін өте қымбат. Тұрғындардың басым бөлігі зейнеткерлер. Құрылғымен қамту және үйге құбыр кіргізу есептей келгенде 1 млн теңгеге дейін жетеді. Ондай ақша зейнеткерлерде қайдан болсын, – деді Иван Кучерявый, Жезқазған қаласының тұрғыны Иван Кучерявый.

Газды үйге кіргізу орташа есеппен 800 мың теңгеге шыққан. Әрине үйдің аумағы мен газ пешінің қуатына байланысты одан да қымбат болу мүмкін. Сондықтан жергілікті әкімдік тұрмысы төмен отбасыларға жеңілдік қарастырып жатыр. Мәслихат мақұлдаған жоба аясында ондай әр отбасыға 250 АЕК көлемінде қолдау жасалады.

Берік Әбен, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: - Қазіргі таңда жер үйде тұратын осал топқа жататын азаматтарды анықтау мақсатында мониторинг жүргізіліп жатыр. сол арқылы біз қанша азамат осал топқа жататынын және соған қанша ақша бөлу керектігін анықтап жатырмыз, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Берік Әбен.

Қазір Кенесары шағын ауданында орамдық құбыр тарту жұмыстары 50 пайызға орындалды. Одан әрі кезекте жаңадан бой көтеріп жатқан Батыс ауданы. Жезқазған қаласын газдандыру жобасы облысты дамытудың кешенді жоспарына енген. Толығымен 2026 жылы аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы