Жезқазғанда белгілі ақынның мерейтойы атап өтілді

6 Қараша 2023, 19:48
1158
Бөлісу:
Жезқазғанда белгілі ақынның мерейтойы атап өтілді
PHOTO
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жезқазғанда қаламгер Кенжебай Ахметовтің мерейтойына орай бірқатар шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жезқазған қаласында 30 қазан - 4 қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші, киносценарист, кинорежиссер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, халықаралық, республикалық бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері, түрлі әдеби конкурстардың жеңімпазы  Кәрібозұлының 60 жасқа толуына орай апталық өтті. 

Жезқазғанда белгілі ақынның мерейтойы атап өтілді

Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен апталық Кенжебай Ахметовтің «Неге солай?» фильмінің көрсетілімімен ашылды. Танымал әнші, композитор Жақсыкелді Сейіловтің балалық шағы жайлы түсірілген фильм көптің көзайымы болды.

Жезқазғанда белгілі ақынның мерейтойы атап өтілді

31 қазан күні апталық бағдаламасына енген шара М.Әуезов атындағы қалалық кітапханада жалғасты. «Күзгі өлең, сырласайық сізбенен...» атты жыр кеші жоғары деңгейде өтті. Есімдері көпке танымал болған жергілікті ақындар мен олардың өкшесін басып өлең әлеміне енген жас ақындар сырлы, ойлы жырларын оқыды. Өлеңсүйер қауым дарынды жастардың аяқ алысына тәнті болды.

Апталықтың үшінші күні көрермендер Кенжебай Ахметовтің «Наза» деп аталатын тағы бір фильмін тамашалады. Өмір ағысы, жалғыздық тауқыметі, тіршілік сынағы жайлы өз пайымдауын жасаған автордың түйінді ойы көрермендерті толқытты. Айта кетейік, «Неге солай?», «Наза» фильмнің сценариін жазған да Кенжебай Ахметов болатын. Актерлардың дені - қарапайым еңбек адамдары, мұғалімдер, мектеп оқушылары, әнші-әртістер т.б. Бірлі-жарымы ғана - театр әртістері.

Жезқазғанда белгілі ақынның мерейтойы атап өтілді

Апталық аясында қала әкімдігінің қаржылай демеуімен Астанадағы «Кәусар» баспасынан қаламгер Кенжебай Ахметовтің «Күпі» жыр жинағы және «Айбоз» естеліктер жинағы (Кенжебай Ахметовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы) жарық көрді. Қос кітаптың тұсаукесері Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде өтті.

3 қараша күні С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрында мерейтой иесі Кенжебай Ахметовтің «Шырақ» тарихи драмасының қойылымы болды (реж. М.Жанботаев). Көрермендер бұл туындыны да зор ризашылықпен қабылдады.

Жезқазғанда белгілі ақынның мерейтойы атап өтілді

4 қараша күні Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен «Қоңыр күз. Қоңыр өлең. Қоңыр әлем....» атты шығармашылық кеш – қаламгер Кенжебай Ахметовтің 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған апталықтың қорытынды шарасы. Шығармашылық кешке айтыскер ақын, қоғам қайреткері, ғалым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Д.Әлтаев қатысып, мерейтой иесіне Мәжіліс төрағасы Е.Ж.Қошановтың құттықтау хатын тапсырды. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары әкімдігінің, Жезқазған университеті ұжымының құттықтаулары мен ағайын-туыс, дос-жарандардың жылы лебіздері айтылды. Шәкірттері ақын Кенжебайдың өлеңдерін оқыды. Қаламгердің өлеңдеріне жазылған «Өмір-ағын», «Беу жалған», «Достарым» әндері мен Абайдың «Тоты құс түсті көбелек» өлеңіне жазылған Кенжебай Ахметовтің әні орындалды. Кешті ақын Ғазиз Ештанаев жүргізді.

Жезқазғанда белгілі ақынның мерейтойы атап өтілді

Апталық барысында кітапханада, музейде, Халықтар достығы мен мәдениеті үйі фойесінде ұйымдастырылған көрмелер де мерейтой иесінің өмір мен шығармашылығы, өнер өрісі жайлы тарқатып сыр шертті.

Өзгелердің жаңалығы