Жетісулық шаруалар қант өндірісінің өзекті мәселелерін талқылады

21 Қыркүйек 2022, 16:24
811
Бөлісу:
Жетісулық шаруалар қант өндірісінің өзекті мәселелерін талқылады

Өңдеуге өткізілген қант қызылшасының әр тоннасына келесі жылдан бастап 40 мың теңге беріледі, оған субсидияның көлемін 15 теңгеден 25 теңгеге көтерудің арқасында қол жеткізілмек,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабектің өңірдегі қызылша шаруашылықтарының жетекшілерімен өткізген кездесуінде айтылды. Еске салсақ, биылғы жылы зауыт тәтті түбірдің 1 тоннасын 30 мың теңгеден қабылдайды, оның 15 мың теңгесі – мемлекеттен берілетін субсидия, қалған 15 мың теңгесін зауыт төлейді. Сонымен қатар Көксу қант зауыты шикізатты алыс аудандардан жеткізу шығыны үшін ара қашықтық ауқымына қарай тоннасына 1 мыңнан 2 мың теңгеге дейін төлейді.

Барлық тауарлардың бағасы өскен сайын жылдан жылға қант қызылшасын өсіру шығыны да артып отыр.  Биылғы жылы 1 га жерге кеткен шығын 900 мың теңгені құрады, кей жерлерде ол тіпті 1 млн. теңгеден асып кетті. Осыған байланысты қызылша өсірушілердің өтінішіне орай ауыл шаруашылығы министрлігіне біз ұсыныс жасадық. Яғни зауытқа өткізілетін шикізаттың әр тоннасы үшін мемлекеттен берілетін субсидияны 15 мыңнан 25 мың теңгеге көтерсек, сонда шаруалардың әр тонна үшін алатыны 10 мың теңгеге өсіп, 40 мың теңге болар еді. Біздің осы ұсынысымызды министрлік қолдады, сөйтіп бұл өзгеріс келесі жылдан бастап күшіне енетін болады, - деді Бейбіт Исабаев өз сөзінде.

Жиында талдықорғандық фермер Еркінбек Сләмов ең озық тәжірибесі бар шаруашылықтармен және мықты ғалымдармен жеке кездесу ұйымдастыруды сұрады. Сонда саланы дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын айтып, кеңестерін берсе пайдалы болар еді. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі қолдау білдіретінін жеткізді. 

Жетісулық шаруалар қант өндірісінің өзекті мәселелерін талқылады

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек мемлекет қызылша өсірушілерге бұдан былай да қолдау көрсете беретінін, қазіргі кезде қант өндірісін дамыту жоспары жасалғанын айтып өтті. 

Осы жылдың басында қант қызылшасының 1 кг 22 теңге болған, біз оны көктемде 30 теңгеге көтердік. Енді 40 теңге болады. Осы мақсатқа бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл ретте басқа дақылдарды өсіретін шаруашылықтарды да қолдауымыз керек, тепе-теңдік болуы керек. Сол сияқты қазір тұқымның, гербицидтің, тыңайтқыштардың 50%, техника құнының 25% субсидияланады, осы орайда субсидиялаудың жаңа ережесінде  келесі жылдағы баға өсімі ескеріледі. Техникаға қатысты айтар болсақ, егер ол отандық жинақтағы ауыл шаруашылығы техникасы болса, оның 25-30%,  шетелдік болса 15% субсидияланады. Бұдан бөлек қызылша жинайтын комбайндар құнының 50% субсидияланатын болады. Егер жұмыс тобы осы өзгерістерді қабылдайтын болса, онда келесі жылдан бастап субсидиялаудың жаңа ережесі қолданысқа енгізіледі, - деді вице-министр.

Кездесуді қорытындылаған облыс басшысы Бейбіт Исабаев ашық әңгіме, еркін пікір алмасуға қатысқан шаруашылықтардың өкілдеріне ризашылығын білдіріп, көтерілген мәселелер бойынша сұйық отынның сапасын бақылау, ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту бағыттарында тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Атап өтсек, қазіргі кезде Жетісу облысында суармалы жерлерді айналымға тарту мақсатында 38,5 мың гектар жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы өңірдегі ауыл шаруашылығы егістігінің көлемі - 517,6 мың га.

Өзгелердің жаңалығы