Жетісуда жол апаты жиілеп кетті

19 Наурыз 2024, 18:30
508
Бөлісу:
Жетісуда жол апаты жиілеп кетті
Фото: BAQ.KZ -архив

Облыста соңғы 2 айда 50-ге тарта жол көлік оқиғасы болған. 9 адам қаза тауып, 82 адам ауыр хәлде аурухана түскен. Былтыр да осындай көрсеткіш тіркелген еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мас күйінде көлік жүргізетіндер көп

Өткен жылы өңірде қаңтар мен ақпан айы аралығында жүзге жуық жол көлік оқиғасы тіркеліп, 15 адам дүниеден озған еді. Көбіне себеп ауа райының күрт бұзылуы мен жолдың тайғақтығы болған. Қазақстанның көп өңірі секілді Жетісудың жолы оңып тұрған жоқ. Жыл сайын жол үстінде мыңға жуық әр түрлі оқиғалар орын алады. Құзырлы органдар қанша мықты жұмыс істеді дегенімен де, тас жолда бақылау камералары көп кездеседі дегенімен де бәрібір жүргізушілер жылдамдықты бейберекет асырып, қайғылы жағдайға тап болады.

Жетісу облысы ПД жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайсар Махмұтов айтуынша, жоғарыда көтерілген мәселе шеңберінде ақпан айында облыста «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізілген. Сол уақытта он мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Әрине, бұл өте көп көрсеткіш. Аталған шараға біз арнайы 309 полиция қызметкері тарттық. Атап айтсақ, 173 патрульдік полиция, 120 учаскелік инспектор және басқада 16 қызметкері жұмылдырылды. Біз Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Саденовтің нұсқауын орындау үшін әрекет еттік. Өздеріңіз білетіндей, аймақта жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары жиілеп, күнделікті өсті. Осы орайда жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті жақсартып, жол ережелерін бұзудың алдын-алу үшін мамандар күндіз-түні қызмет етті, - дейді полиция полковнигі.

Оның айтуынша, жолдағы келеңсіз оқиғаларға басты себеп көлік иесінің өзі. Жол жиегінде көрсетілген нұсқаулыққа бағынбай жылдамдықты шамадан тыс асырады. Одан бөлек ащы суды ішіп алып рөлге отыратындар да бар. Қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзады.

Осы ретте бізге оқыс оқиғаларды болдырмау үшін полиция қызметкерлері атқарып жатқан жұмыстарын ұсынды. Қараңыз, жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін ҚР ӘҚБтК 600-бап 1 бөлігіне сәйкес 300-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Ең қауіптісі көлік құралын алкоголь ішіп не болмаса есірткі шегіп тізгіндейтіндер көп. Осы орайда 140 жүргізуші ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол ол ма ҚР ӘҚБтК 615 бабы сәйкес, жол жүру қағидаларын сақтамағаны үшін төрт мыңға жуық жағдай тіркелген.

Соңғы уақытта белгiленген жүру жылдамдығын арттырғаны үшін 1100-ге жуық жүргізуші айыппұл арқалады. Жол ережесін сәйкес әрекет етпеген кез келген көлік иесі жауапкершіліктен жалтарып кете алмайды. Жыл басынан бері 46 үлкенді-кішілі жол-көлік оқиға орын алды. Өткен жылы осы уақытта 61 жағдай тіркелген еді. Жалпы, биыл көлік оқиғасының саны 15-ке, ал қаза тапқандар саны 10-ға азайған. Тас жолда кәсіби жүргізуші деген сөз жүрмейді, ажал аяқ асты келуі мүмкін. Бір сәт көзіңіз ілініп кетсе болғаны, қиын жағдайға тап боласыз. Сондықтан жылдамдықты көбейтпен, жол ережесін барынша сақтаған абзал,- дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов.

Бақылау камералары көмектеспейді

Жетісудың өзге аудандарын есепке алмағанда, облыс орталығы Талдықорғанның өзінде жол сапасы өте нашар. Мұны былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облыстық департаменті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері бірлесіп Арнайы тексеріс өткізгенде қала жүргізушілері (таксистер) жиылып, арыз-шағымын жеткізген еді. Бір Қабылиса жырау көшесінде жиырмадан астам жылу құбырының қақпағы бар әрі көшенің дәл ортасында орналасқан. Талап бойынша жол жиегіне қойылуы қажет еді.

Шамасы былтырдан бері «Талдықорған-Үштөбе», «Быжы-Мұқра» Көкдала ауылына кіреберіс көпірі жөнделді. Сол жол жөнделіп біткенше, көлігіміз де сынып бітті. Кеше Жетісу каналынан көрсетіп жатыр, жергілікті автожолдардың 93 пайызының жағдайы жақсы дейді. Ақпарат шындыққа жанаспайды, Алакөлге барар жолды 5 жыл істеп, әрең дегенде бітірді. «Балқаш-Лепсі» жолы әлі толық жөнделіп бітпеді. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөледі, бірақ жолдың оңалғаны шамалы. Камералар қаптатып қойды, сонда да қайғылы оқиғалар азаяр емес. Біз сияқты нәпақасын жолдан тауып жүргендер жолдың жақсарғанын қалайды, - дейді Ақсу ауданының тұрғыны Ерасыл Кәдірбеков.

Алдынғы жылы облыста автожолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін 17 дана фото-бейне бақылау камералары орнатылған. «Талдықорған – Үштөбе», «Талдықорған-Текелі», «Сарыөзек-Қоғалы-Көксу-Қарабұлақ» жол арасында камералар көбірек қойылған. Одан бөлек 87 жол белгісі, 321 п.м.шулы жолақтар, 12 билборд, 1 шақырмға жуық металлды тосқауылдар және 10 жаяу жүргіншілер өткелінде қызыл-көк түсті жарық стробоскоптар орнатылған. Осы үшін жергілікті бюджеттен 247 млн теңге қаражат бөлінген екен. Дегенмен, көлік оқиғасы осы аймақтарда жиі орын алады.

Биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолының 22 учаскесінде 45 дана фото-бейне бақылау камераларын орнату жоспарлануда. Бүгінде оның сметалық құжаттамалары реттелуде. Мәселен. Былтыр аудандарда 1 345 жол белгісі орнатылған еді. Атап айтсақ, Талдықорған қаласында - 540, Алакөлде - 259, Кербұлаққа - 167, Ескелдіге - 107, Сарқанға- 80, Көксуге - 68, Панфиловқа - 35, Ақсуға - 32, Қараталға - 30, Текелі қаласына – 27 белгі қойылды. Облыс орталығына 192 млн теңгеге 17 дана бағдаршам объектісі орнатылды. Біз жүргізушіге түсінікті, барынша анық белгілер қойып жатырмыз. Өз тарапымыздан жұмыстар жүйелі түрде жүруде,- дейді Жетісу облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Оның айтуынша, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын нормативтік жағдайда ұстау үшін көліктік бақылауды жүзеге асыру бойынша арнайы жылжымалы техника сатып алынған. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қысқы күтіп-ұстау және ондағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8 мердігер мекеме дайын. Қажетті тайғаққа қарсы 4 627 тонна материалдар, 103 тонна жанар-жағар май және 144 дана қысқы мерзімде қар тазалауға арналған арнайы техникалар сақадай сай тұр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 84 мердігер ұйым тартылады. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 420 дана уақытша жол белгілері орнатылыпты.

Өңірге қанша жерден бақылау камералары көптеп орнатылғанымен жол-көлік оқиғасы азаяр емес. Өкініштісі де сол. Ал ауыл мен аудан арасына күнде қатынайтын жүргізушілер жолдың сапасыздығын айтады. Белгіленген жерге жылдам жету үшін жылдамдықты амалсыз арттырады. Жол бойындағы шұңқыр, тесіктен қашамын деп көбі көлік рөліне ие бола алмай қалады. Былтыр, облыстағы автожол саласына 19,2 млрд теңге бөлінген, биыл 20 млрд теңге қарастырылыпты. Бұдан облыстағы жол-көлік оқиғасы азая қояр ма екен?

Өзгелердің жаңалығы