Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуда тұңғыш рет оқушылар театрлары жарысты

19 Маусым 2025, 19:08
795
Бөлісу:
 автордан
PHOTO
Фото: автордан

Талдықорған төрінде "Театр – тәрбие бастауы" атты оқушылар театрларының алғашқы байқауы өтті. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған өнер додасы саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жас таланттар таңғалдырды

Бейбіт күннің рухани жаңғыруына бастар осындай игі шаралар қатары Жетісу жерінде көбейіп келе жатқаны – елдің өрелі мәдениетке деген ынтызарлығының белгісі. Соның жарқын көрінісі – Талдықорған қаласында алғаш рет өткен "Театр – тәрбие бастауы" атты облыстық оқушылар театрларының байқауы.

Үш күнге созылған өнер додасына облыс көлеміндегі 50 мектептен 50 мектепішілік театр ұжымы қатысып, өзара шығармашылық бәсекеге түсті. Олар қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған бес түрлі тақырып – "Нашақорлық", "Жасөспірімдер буллингі", "Ұстазын ұлықтаған ұрпақ үні", "Ата-ана, оқушы, ұстаз", "Менің арманым" бойынша қойылым ұсынып, көрермен көңілінен шығуға тырысты.

Жетісуда тұңғыш рет оқушылар театрлары жарысты

Әр театрлық қойылымның ұзақтығы 20-30 минут аралығында болып, жас өнерпаздар сахна тілі мен актерлік шеберлікті кәсіби деңгейде меңгергендерін дәлелдеді. Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы, Халық әртісі Алмахан Кенжебекова бастаған театр саласының беделді мамандары қазылық етті.

Оқушылар театры – бұл жай ғана сахналық қойылым емес. Бұл – баланың ішкі жан дүниесін оятып, қиялына қанат бітіретін, оның сөздік қорын байытып, тіл мәдениетін дамытатын, ең бастысы – адамгершілік пен эстетикалық сезімін тереңдететін рухани алаң. Мұнда бала тек рөл жаттап, сахнаға шығу арқылы емес, өзгелердің ішкі жанын түсінуге, өзін-өзі тануға, ортада еркін сөйлеуге, ойын ашық жеткізуге үйренеді. Театр – баланың көкірегіндегі жарық сәулені маздататын ерекше орта, - деді Алмахан Кенжебекова.

Оның айтуынша, мектеп қабырғасындағы театрдың артықшылығы – ол жас ерекшелігіне қарай тәрбиелік мәні терең, өмірмен өзектес дүниелерді қозғайды. Қойылымдар арқылы бала өз өміріндегі құбылыстарды сахнада көріп, соған сыни көзбен қарап, өзін де, өзгені де түсіне бастайды.

Жетісуда тұңғыш рет оқушылар театрлары жарысты

Көріністің сценарий идеясы – ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты көрсету ниетінен туды. Бұл – менің өз ұстаздық жолымдағы шынайы сезімдерім мен тәжірибемнің көркем бейнеге айналған түрі. Қуаныш есімді оқушымызбен бірлесіп, қазіргі жас ұрпақтың көзімен ұстаздың рөлін заманауи тұрғыда бейнелеуге тырыстық. Сценарийді жазуда еш қиындық болған жоқ – бәрі жүректен шықты. Үйірмемізде актерлермен қатар гример, костюмер, мобилограф секілді шығармашылық топ мүшелері де еңбек етті. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз, - дейді "Театр Time" үйірмесінің жетекшісі, ДТІЖО Жанар Бейсенбаева.

Ең ғажабы театр сахнасында отбасындағы қарым-қатынас, достық, ұстазға құрмет, отансүйгіштік, экологиялық тәрбие, буллингке қарсы ойын оқушылар көркем тілмен жеткізді.

Рухты қозғаған сөздер мен әсерлі марапаттар

Байқаудың қорытынды кешінде облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды марапаттап, көпшілікке жүрекжарды тілегін арнады. Оның айтуынша, театр – тек сахнадағы көрініс емес, ол – халықтың рухани жан айнасы, ұлттың өзін-өзі тануының, дамуының, жаңғыруының бірден-бір жолы.

Бүгінгі мереке – баршамыз үшін ерекше. Театр өнерін Ғабит Мүсіреповтен артық суреттеп айту мүмкін емес. Ол "Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр" деген еді. Бүгінде технологиялық прогресс пен жаһандану дәуірінде кейбір ұлттық құндылықтар құнсызданып бара жатқан тұста, театр – өзінің киелілігімен, табиғилығымен адамзат жүрегінде сақталып, мәдениеттің алтын діңгегі болып отыр. Оқушылардың осындай өнер бәйгесіне қатысып, рухани байып жатқаны – ел болашағына жасалған зор қадам, – деді М.Көлбаев.

Сонымен қатар, ол театр өнерін дамыту жолында облыста атқарылып жатқан нақты істерге тоқталып, мұндай шаралар жас буынның арманына қанат бітіруге сеп болатынын айтты. Ең бастысы – бұл жоба келер жылы да өз жалғасын тауып, дәстүрге айналатынын жеткізді.

Үш күнге ұласқан бұл байқауда жас өнерпаздар тек актерлік шеберлігін ғана емес, өз ойларын, азаматтық ұстанымдарын да көрсете білді. Берілген тақырыптар аясында сахналанған қойылымдарда жастар қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қозғап, көрерменмен тікелей сырласқандай әсер қалдырды.

Нәтижесінде "Үздік жас актриса" – Кербұлақ ауданы Нұрым орта мектебінің оқушысы Ақниет Серікқызы; 

"Үздік жас актер" – Текелі қаласы №3 орта мектептің оқушысы Берланұлы Ақжол; 

"Үздік сахналық костюм" – Панфилов ауданы Пенжім орта мектебі; 

"Үздік жас режиссер" – Қаратал ауданы Ілияс Есенберлин атындағы орта мектебі; 

"Үздік декорация" – Талдықорған қаласы Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектебі атанды.

"Нашақорлық" тақырыбы бойынша Бас жүлде – Көксу ауданы Жалайыри атындағы орта мектебіне; 

1 орын – Алакөл ауданы Қабанбай батыр орта мектебіне; 

2 орын – Ақсу ауданы Мамания орта мектебіне; 

3 орын – Текелі қаласы №1 орта мектебі берілді. 

"Жасөспірімдер буллингі" тақырыбы бойынша Бас жүлдені – Ескелді ауданы Бақтыбай орта мектебі; 

1 орынды – Сарқан қаласы Николай Островский атындағы орта мектебі; 

2 орынды – Кербұлақ ауданы Сарыөзек орта мектебі; 

3 орынды – Талдықорған қаласы №15 орта мектебі алды. 

"Ұстазын ұлықтаған ұрпақ үні" тақырыбы бойынша Бас жүлде – Талдықорған қаласы Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясына; 

1 орын – Көксу ауданы Қызыларық орта мектебіне; 

2 орын – Панфилов ауданы Пенжім орта мектебіне; 

3 орын – Ақсу ауданы Кеңжыра орта мектебіне бұйырды.

"Ата-ана, оқушы, ұстаз" тақырыбы бойынша Бас жүлдеге – Кербұлақ ауданы №49 орта мектебі; 

1 орынға – Панфилов ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебі; 

2 орынға – Ескелді ауданы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектебі; 

3 орынға – Қаратал ауданы Максим Горький атындағы орта мектебі лайық деп танылды. 

"Менің арманым" тақырыбы бойынша Бас жүлдені – Текелі қаласы №6 орта мектебі; 

1 орынды – Талдықорған қаласы А.Макаренко атындағы орта мектебі; 

2 орынды – Қаратал ауданы Ілияс Есенберлин атындағы орта мектебі; 

3 орынды – Панфилов ауданы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектебі иеленді.

Барлық жеңімпаз ұжымдар мен жекелеген номинанттар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы