Жетісуда жалдамалы жұмыс істейтін шетелдіктер саны күннен күнге артып келеді.
Мәселен былтыр "eQonaq" ақпараттық жүйесі арқылы 27 815 тұлға тіркелген. Оның арасында ел заңына бағынбағандары да бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірдегі құқық қорғау органдары сырттан келген адамдардың цифрлық есебін жүргізу барысында көптеген заңбұзушылықты анықтаған. Былтыр әртүрлі құқық бұзушылықтар бойынша 6 282 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Нақтылап айтсақ, оның 3688-і ел азаматы болса, қалғаны шетел азаматы болып шыққан. Олардың дені көші-қон заңнамасы елемеген.
Көші-қон қызметкерлері бірнеше фактіні анықтады. Азаматтығы жоқ әрі шетел азаматы ретінде есептелген 2 мыңнан астам адам есепке тұрмаған. Сонымен қатар 3 мыңға тарта тұлға Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғаны белгілі болды. Осылайша сот шешімімен 148 шетелдік азамат елден шығарылды. Бүгінде үдерістердіцифрландыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл шетелдік азаматтардың қозғалысын арнайыбақылауға, оған қоса заңсыз тұру фактілеріне уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді, дейді облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбеков.
Бүгінде Жетісу жерінде шетелдік жалдамалы жұмысшылар өңірдегі жұмыссыздардың санының өсуіне негіз болып отыр. Олар уақытша келгеннің өзінде ұсынылған жұмысты ертерек бітіріп кетеді. Әрі жұмыс беруші ұсынған бағаға көнеді.
Сырттан келіп жұмыс істеушілер өзара келіскен бағадан артық сұрамайды. Жергілікті азаматтар ауыр жұмыс істегісі келмейді, дейді қала тұрғыны Еділбек Мауысбеков.
Тәртіп сақшылары шетелдіктерге қажетті құжаттарды уақтылы рәсімдеуді ескертті.